Облыстың бас басылымдары «Сыр бойы» мен «Кызылординский вести» газеттерінің жарыққа шыққанына 85 жыл. Мерейтойға орай «Жаһандану және журналистика: Бүгінгі күннің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, аймақтың ата басылымдарын құттықтады.
- Талай таланттарды тәрбиелеп шығарған қос басылым аймақтың айнасына айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарламалардың орындалу деңгейін сараптап, елдің бірлігін насихаттап келе жатқан ата басылым биік тұғырынан түспейді деп сенімін. Басылым ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Алғашқыда "Сыр бойы”, сосын "Ленин туы”, одан кейін "Ленин жолы” сосын барып бастапқы атауын қайта иеленген облыс жаршысы осыншама уақыт Сыр жұртшылығының көзі мен құлағы, сенімді серігі мен сырласы, ақылшысы әрі қамқоршысы болып келеді. Халықтың үні саналған қос басылым көптеген өсу, өркендеу жолдарынан өтті, оны биік белестерге көтеру барысында қаншама журналистер өлшеусіз еңбек етті.
Облыстың басылымдарын біріктірген «Сыр медиа» холдингі жаңа ғимаратқа көшкеніне де көп уақыт өткен жоқ. Баспаханалары соңғы озық технологиямен жабдықталған. Бастысы, жаңалықты оқырманға жылдам әрі сапалы жеткізу үшін бар мүмкіндік қарастырылған.
Конференцияға Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашев, профессор Бауыржан Жақып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің диканы Сағатбек Медеубекұлы журналистиканың бүгіні мен болашағын талқылады. Бейресми төртінші билік саналатын саланы дамытудың тетіктері айтылды. Жас буын өкілдерін мамандыққа машықтандыру жолдары да тасада қалған жоқ.
Қос басылымның мерейтойына орай облыс әкімі Қ.Көшербаев 2 автокөліктің кілтін салтанатты түрде сыйға тартты.