Ол Жаңақорған ауданында ең алғашқылардың бірі болып, кенттен пластиктен терезе, есік шығаруды қолға алды. Орталықтан цех ашып, жұмысын жүйелі жолға қойған. Бүгінде бұл кәсіптің түрімен айналысқанынан тура 10 жыл болыпты. 2008 жылы «Бахтадин» дара кәсіпкерлігін ашқан Эльдар Бахтадиндың еңбекке деген құлшынысы зор. Қашанда тұрғындардың талғамына сай материал шығаруды өзіне мәре тұтады.
– Кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқаныма ұзақ уақыт болды. Сұранысқа сай сапалы есік-терезелерді шығаруды жолға қойдық. Әзірге шағын цехта өзім ғана жұмыс жасаймын. Тапсырыс берушінің талғамына сай материал шығару үшін заманауи аппараттардың көмегі зор. Пластикті кесу, бұрыштама жасау, үтіктеу сынды жұмысты осы жаңа технологияға негізделген аппараттар арқылы жасалынады. Ең бастысы – бүгінгідей бейбіт заманда қандай кәсіп жасаймын десеңде, мемлекет барлық жағдайды жасап қойған. Тек ерінбей еңбектеніп, тірлік етсең болғаны, – дейді Эльдар Изахарұлы.
Сондай-ақ ол есік, терезе жасауға қажетті шикізаттың барлығы да отандық өнім екенін жеткізді. Бұрындары шетелден алдыртатын пластикті енді өзіміздің елде де қолжетімділігін сөз етті. Өлшеу, орнату жұмыстарын ақысыз жасайтын жас кәсіпкердің одан бөлек тұрғын үйге қажетті жалюзи жасау кәсібі бар.
Иә, Жаратқанға шүкір, өркениетті өлкедегі бейбітшіл ғұмырды тілеген алуан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тәуелсіз, тыныш елде өмір сүруде. Сайып келгенде, ішкі-сыртқы саяси ахуалы тұрақты егемен елдің көп қызығар келбетінің сыры да руханиятымыздың тереңдігінде жатса керек. Сөз арасында жас кәсіпкер Эльдар қазіргідей тұрақтылықты тілге тиек ете отырып, жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады.
– Ақиқатында қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Осы орайда, жаз маусымының алғашқы күні яғни, 1-мамырда Қазақстандағы барша ұлыс көңілі даладай дархан қазақ жұртына ризашылық сезімін білдіреді – деп ағынан жарылды кәсіпкер.
Расында бүгінде еліміздесан түрлі этнос өкілдері бір арнаға ұйысып, татулықта тіршілік кешуде. Әрине, мұндай бейбітшіліктің бастауында ұлттар мен ұлыстардың өзара рухани келісімі тұр. Иә, исі қазақ жаратылысынан татулықты сүйгендіктен бе, жүректің қалауы тыныштық болғандықтан ба, Елбасы Жарлығымен қабылданған 1-мамыр Қазақстан халқы бірлігі күні жыл сайын жоғарыдеңгейде тойланып, халықтар арасындағы татулықты нығайтып келеді.
Түйіндей айтқанда, «талаптыға нұр жауар» демекші, он жылдан аса кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Эльдар Батхадиннің ісі өрге домалап, қазіргі таңда бизнесі өркендеген шақ. Заманауи үлгіде пластиктен түйін түйетін аппараты түрлі материалдарды өндіруге сеп болып, жаңақорғандықтардың тапсырысын қалтқысыз орындап келеді.