Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов саланың жалпы жұмысы және Жолдау жүктеген міндеттер барысында қолға алынған жаңа жобалар жайында баяндады.
– Президент экономиканың зардап шеккен салаларында шағын және орта бизнестің барлық қолданыстағы несиелерінің жылдық пайыздық мөлшерлемелерін 6 процентке дейін субсидиялауды атап көрсетті. Оған қоса, жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша шағын және орта бизнес үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтата тұру, сонымен қатар, зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнестің жыл соңына дейін бюджеттен тыс қорларға еңбекақы төлеуден аударымдарын алып тастауды тапсырғаны кәсіп иелеріне үлкен қолдау деп ойлаймын.
Жолдауда 2021 жылы шағын және орта бизнес қызметінің жаңа нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу мәселесі де орынды көтерілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруі бұл мемлекетке қарсы ең ауыр қылмыс ретінде қабылдануы керектігін атап өтті, – дейді Ф.Қожабергенов.
Басқарма басшысының айтуынша, 51 мыңнан аса кәсіпкер салықтық жеңілдіктер алып, 9 мыңға жуық кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылған. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мақсатында банктерге Ұлттық банктен 600 млрд теңге қаражат бөлініп, 12 ай мерзімге арналған «Шағын және орта кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы» қолға алынған. Бұл бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін іске асырылады. Оған қосымша Ұлттық қордан 200 млрд теңге қарастырылып, бұл қаражат кәсіпкерлерге 8 процентпен айналым құралдарын толықтыруға беріледі.
Бүгінгі күні «InfoKazakhstan» электронды порталында 10361 субъектісі тіркеліп, карантин режиміне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпкерлердің 8200-і іске қосылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 850 млн теңгені құрайтын 16 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Облыс бойынша 145 тойхана тіркелген болса, бүгінде 9 тойхана басшысы қызметін қайта бағыттауға жұмыс жасауда.