Бұл туралы бүгін Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ержан Әбдірахманов журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Өткен жылы Астана қаласында үш тұғырлы тіл саясатын қолдау мақсатында халықаралық фестиваль өтті. Онда Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры жазушы-драматург Д.Исабековтың «Өкпек жолаушы» спектаклін саханалады. Қойылымды ұнатқан ұлыбританиялықтардан қызылордалық театр ұжымы Лондонда өнер көрсетуге шақырту алып отыр.
Жалпы, мәдениет саласында жетістіктер көп. Мәселен, өткен жылы облыстық филармония жанынан камералық оркестр, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жанынан жастар труппасы құрылды. Сондай-ақ көркем сурет галериясы ашылды. Клубтар мен мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шалғайдағы ауылдарға мәдени қызмет көрсету мақсатында орталықтандырылған жүйе арқылы 7 ауданға толық жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық заманауи автокөлігі алынды.