Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Тұма жырдың таланты

Қасиетті Сыр топырағы жыраулар мен күміс көмей әншілерге кенде емес. Олар атадан балаға мұра болып келе жатқан жыр-термені кейінгі ұрпаққа табыстай білді. Бүгінгі күні бабадан қалған қасиетті өнерді дәріптеп, Сыр сүлейлерінің шығармалары мен өсиет-термелерді нақышына келтіріп жырлайтын жыраулар қатарында жас өнерпаз Қуаныш Алғазиев те бар.
Жас жыраудың есімі өңір жұтшылығына етене таныс. Оның туған жері – Қазалы топырағы. Бұл өлкеден республикаға белгілі бірнеше ақын-жыраулар шықты. Ұрпақтан ұрпаққа дарыған текті өнердің құдіреті Қуанышты да айналып өтпепті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ бойда бар өнерімен көпшілікті тамсандыра білді. Аймақтық, ауданда өткен байқауларда бақ сынап, бас жүлдені қанжығаға байлады. Осылайша оның есімі өнерсүйер қауымға тез танылып, жұртшылықтың жылы ықыласына бөленді.
Мектепті тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән мамандығына оқуға түсіп, оны 2015 жылы үздік аяқтады. Өнер жанашырлары жас маманды мәдениет саласының дамуына атсалысуға шақырды. Жас жырау сол кезеңнен бастап Қызылорда қаласындағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде қызмет атқарып келеді.
– Ата-бабамыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл, өсиет терме, жырларымызға ерекше мән берген. Халық жыр, өсиет-терме айтатын адамдарды жыршы атаған. Олар өз жанынан қисса-дастандар шығармаса да ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақын-шайырлар мұрасын жырлаған. Ал апталап, айлап жырлайтын айтулы жыршыларды да халық жырау деп атайды. Менің мақсатым – ата-бабамыздан мирас болып қалған жыраулық дәстүрді насихаттап, алдағы уақытта жастарды өнерге тәрбиелеу. Жалпы, жырау өз жанынан жыр шығарып айтатын, эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі ғой. Сондықтан халық алдында жырлаған термелер өз нақышында орындалса, көпшілік ұйып тыңдаса біз үшін оның өзі бір бақыт, – дейді өнер иесі.
Белгілі жырау Алмас Алматов айтқандай, расымен текті өнер кез келген адамға қонбайды. Оның киесі де, иесі де болады. Жыраулық өнердің де қыр-сыры жетерлік. Ұзақ дастанды әп-сәтте жаттап алу үшін мықты зерде қажет. Осындай текті өнерді бойына дарытқан Қуаныштың жеткен жетістіктері де аз емес.
Ол бүгінгі таңда Сыр сүлейлерінің мол мұрасын насихаттауға зор үлес қосқаны үшін республикалық, облыстық жыр-термешілер байқауының жеңімпазы атанып, өнер фестивалдерінің бас жүлдесін жеңіп алды. Олардың қатарында 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен Сары Батақұлының 150 жылдығына арналған республикалық жыршы термешілер байқауының, 2018 жылы өткен Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдық облыстық жыршы-термешілер байқауының, Қазалы қаласында өткен Жанқожа Нұрмұхамедұлы және Ақтан батырға арналған байқаулардың жүлделері бар.
Мерекелік және мәдени көпшілік іс-шараларға белсене араласып, жырсүйер қауымның құлақ құршын қандырар жыр-маржандарды нақышына келтіре орындап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесі бұл үшін өзі туған топырағына қарыздар екенін айтады.
– «Ніл дариядан таппаған жауһарды Сырдариядан табасың» дегендей, Қазалы топырағы – қазақтың ақберенін айқасқа кезеген баһадүр батырлармен бірге, алаш абыройын жырмен жаһанға асқақтатқан шайыр-жыршылардың, сүлей, ақындардың мекені. Солардың дәстүрлі жалғасы, «Шектінің жыр жорғасы» атанған халық ақыны – Байназар Өтепұлы менің ауылымның тумасы. Жастайымнан сондай үлкен өнер иелері жайлы ауыл үлкендерінің әңгімесін тыңдап өстім, – дейді жас жыршы.
«Халқыма қадірменді сөзім жетсе,
Болады, арманым жоқ мұнан басқа» деп жырлап, шығармасымен бүкіл қазақтың өмірін барлық жағынан қамтып, ұлттық дәстүр желісінен бастау алатын туындыларымен саналы ғұмырын халықтың өнегелі өмір жолын таңдауына бағыттаған Байназар ақын 1903 жылы Сарытөбе биігінде дүниеге келген. Арқалы ақынның алқалы ел алдындағы айтулы өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі буынға ұлағатын дарытып келеді.
Ақынның Қуаныш Баймағамбетов, Мұзарап Жүсіпов, Нұғыман Молыбаев, Нәби Жетілгенов, Әбдіразақ Қаналиевпен айтыстарын жатқа білетін жас жыршы: «Оның шығармаларының шоқтығы биік тұсы – жазба айтыстары» дейді. Сұхбаттаса келген бізге де Байназар ақынның жазба айтысынан үзінді, «Еркекөкке», «Адам жоқ тұратұғын бір қалыпта» термелерін орындап, көңіл сүйсінтті.
Жас жыршы орындаған туындылардан бұрыннан хабары барлар, әрине, жоғалтқан асылымен қайта табысады, ал жеткіншек буын өздерімен етене туыстасар тыңнан тұмса тағы бір жыр әлемін ашады.
– Жырдың қадір-қасиетін түсінетін жандар барда сүлейлер мұрасының ұмытылуы әсте мүмкін емес. Дегенмен, отты жыр ұрпағы жанына жақын тұтса ғана өміршең болады, – дейді ол.
Жыр қорында «Жанқожа батыр» секілді көлемді тарихи дастандар мен көптеген терме-толғаулары бар жас жыршы Қуаныш дәстүрлі өнерді насихаттау бағытында үнемі ізденіс үстінде жүретінін айтады.

Биболат Сәтжан.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: