Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облыс көлемінде алғаш рет мектеп мұғалімдері арасында этномедиация мен медиацияны дамыту бойынша ғылыми және әлеуметтік жобалар байқауы өткізілді.
![]()
Бұл байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін мұндай ғылыми жобалар оқушылар арасында өткізілсе, биылғы ерекшелік — мектеп ұстаздары қатысты.
Байқау алдымен барлық аудан және Байқоңыр қаласы деңгейінде іріктеу кезеңдерінен өтті. Әр өңірден үздік деп танылған жобалар облыстық кезеңге жолданып, барлығы 11 қатысушы өз жобаларын ұсынып, қазылар алқасы алдында қорғады.
Байқаудың негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, медиация және этномедиация институтын насихаттау, сондай-ақ даулы мәселелерді соттан тыс шешудің тиімді жолдарын көрсету болды. Қатысушылар буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, мектепішілік медиацияны дамыту, этномедиация тетіктерін жетілдіру және қоғамдағы татулық мәдениетін нығайту сияқты өзекті тақырыптарды көтерді.
Қорытынды шара Қызылорда қаласындағы Достық үйінде өтті. Шара барысында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация орталығының төрағасы, психолог-медиатор Жанна Мирамбекқызы сөз сөйлеп, қатысушылардың бастамаларына жоғары баға берді.
– «Байқаудың басты құндылығы – қоғамда өзара түсіністік пен келісім мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұстаздар қауымының белсенділігі. Медиация мен этномедиация тетіктері арқылы біз оқушылар мен ата-аналар, әріптестер арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты нығайта аламыз», – деді Шахизат Абдраманова өз сөзінде.
Байқау қорытындысы бойынша Қармақшы ауданының С. Есқараев атындағы №27 мектеп мұғалімі Аружан Хамитова жеңімпаз атанып, I орынды иеленді.
II орын екі қатысушыға бұйырды:
– Арал ауданының Қызылжар елдімекеніндегі №81 орта мектеп мұғалімі Әділбек Ауезханов,
– Жалағаш ауданының З. Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп мұғалімі Сымбат Жанибай үздік жобаларымен көзге түсті.
III орын иегерлері болып:
– Қызылорда қаласындағы Ә. Молдағұлова атындағы №173 орта мектептің мұғалімі Айзада Нұржанова,
– Қазалы ауданының Ы. Алтынсарин атындағы №204 мектеп ұстазы Пазылбек Арыстанов танылды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов жеңімпаздарды құттықтап, сөз сөйледі.
– «Этномедиация саласы – қоғамдағы татулық пен түсіністіктің маңызды тетігі. Бүгін ұстаздар осы бағытта ерекше бастамалар танытып, жаңа идеялар ұсынды. Бұл – білім беру жүйесінде медиация мәдениетін дамытудың нақты қадамы», – деді ол өз құттықтауында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, облыстағы педагогтар мен медиаторлар арасында тәжірибе алмасу алаңына айналмақ.