Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Аралда Тәуелсіздік күніне айтыс өткізілді

Аралда Тәуелсіздік күніне айтыс өткізілдіҚазақстанның тәуелсіздік мерекесіне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, Арал аудандық «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Тәуелсіздік және Арал» тақырыбында аудандық ақындар айтысы болып өтті.
Дүбірлі сөз сайысын Арал ауданынан жеті ақын қатысып, жыр майданында додаға түсті. Айтыскерлердің өнеріне аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмабай Жақып, мәдениет бөлімінің ардагері Жақсыбай Төребеков, ақын Тәжібай Үмбетәлиев сараптап, төрелік етті. Мерейлі мерекемен құттықтап, алғы сөз алған аудандық тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов тәуелсіздікті жырлауға келген ақындарға сәттілік тіледі. 
Айтыс барысында ақындар «Тәуелсіздік және Арал» тақырыбын жан-жақты ашуға тырысып бақты. Өткір-өткір ойлар қозғалды. Ақындардың бірі суырып салмалық пен тапқырлықпен көзге түссе, енді бірі мағыналы шумақтар мен қиыннан қиыстырылған ұйқастарды ұштастыра білді.
Үш сағатқа созылған жыр додасында әділ қазылар шешімі бойынша Шөмішкөл ауылының жас дарыны Орынбасаров Бексұлтан І орынды (50 мың теңге ), Тоқабай ауылының ақыны Пәуешов Талғат ІІ орынды (50 мың теңге) иеленсе, Қарақұмдық Шынтас Мұхышов ІІІ орынды (20 мың теңге) қанжығаға байлады. Қалған ақындар 10 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Қорытынды сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алдаберген Жоланов: «Бүгін сахнаны ән мен жырға бөлеген айтыскерлерге көрермендер атынан алғыс білдіремін. Жас та болса сөз сайысынан сынға түсіп , өздерінің бабында екенін көрсете білді. Ақындарды алда талай айтыс алаңында кездестіріп, аудан көлемінде жиі өткізіліп тұруы керек. Айтыс халықпен бірге болуы тиіс», - деп өз ризашылығын білдірді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, жас жүйріктердің әлі талай айтыс додаларында жырдан шашу шашатынына куә боларымыз сөзсіз.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: