Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында "Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге, салауатты өмір салтын насихаттауға, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттай отырып, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруге, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған мәдени шара Қызылорда облысында осымен 3-ші рет өтті.
Байқауға облысымыздың аудан-қалаларының үлгілі, өнегелі 146 отбасы қатысып, ақтық мәреге соның тоғызы оқ бойы озып шықты. Жеңімпаздар мен түрлі номинация иелерін облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы марапаттады.
Бірінші орынға Айымбетовтер мен Нұрманбетовтер отбасысы лайық деп танылды. Балықшы мен күрішшілер әулетіне отандық шипажайға жолдама тарту етілді. Тиісінше екінші орынды Сәдуақасовтар әулеті (Сырдария ауданы) мен Абылбековтер әулеті (Қызылорда қаласы) иеленсе, үздік үштікті Дямуршаевтар әулеті (Қармақшы ауданы) мен Жұмабековтер әулеті (Сырдария ауданы) қорытындылады. Ал Бакировтер отбасы (Шиелі ауданы) «Берекелі шаңырақ» номинациясын, Шәкеновтер отбасы (Жаңақорған ауданы) «Денсаулық бағбаны» номинациясын, Сексенбаевтар отбасы (Қазалы ауданы) «Білім нұры» номинациясын иеленді.
Мерейлі отбасыларды ұлықтауға арналған салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың әсем ән-жырларымен, мың бұралған билерімен жалғасты.