"Қазақстан КВН Одағына" – 10 жыл!!! 2005 жылы "Маусымашар" фестивалінде небары он алты команда тіркеліп, өнер көрсеткен еді.
Қазақстан КВН одағының басшысы Есен Елеукен Фейсбуктегі парақшасында "Соңғы жылдары Маусымашарға 200-ге жуық команда келетінін айта кеткен жөн. Содан бері Жайдарман талай асудан өтті. Қобалжу да, қорқу да болды. Асыра мақтап, көкке көтергендерді де, көпіре даттап, жерге тығуды да бастан өткердік. Соның барлығын жолда қалдырып, қазіргі таңда "Жайдарман" өз мақсатына жете бастады деген ойдамын. Жастар саясатымен айналысатын мемлекеттік мекемелердің әріптестік қатынас жасай бастауы Жайдарман жолының тура екенін көрсетті" деп жазған.
Оның айтуынша, жыл сайын маусым айында "Қазақстан КВН Одағының" туған күніне орай "Жайдарман" ойындары өткізіліп келеді. Әр жылы түрлі бағытта ұйымдастырылады. Биылғы туған күн де ерекше өтпек. Соңғы төрт жылда чемпион атанған "Аралас", "Экспресс", "Назар аудар" және "Ұлттық құрама" секілді командалар биылғы Жоғары лигадағы чемпиондыққа үміткер төрт командамен бірге өнер көрсетеді.
"Бұл ойын Астананың туған күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша тарту болады деген ойдамын. Сондықтан баршаңызды ертең сағат 19:00 де "Конгресс холлда" күтеміз!" дейді Е.Елеукен.