Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Әбділда Тәжібаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

Әбділда Тәжібаевтың ескерткіш-бюсті ашылды Бүгін, 17 маусымда көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбділда Тәжібаевтың туған жерінде ақынның ескерткіш-бюсті ашылды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және ақынның ұрпақтары қатысты.
Өткен ғасырдың басында дүние есігін ашып, кеңестік дәуірдің барлық қиын кезеңдерін басынан кешіріп, артында өлмес әдеби мұра қалдырып кеткен қазақтың көрнекті ақыны, Сыр елінің перзенті, Қазақстанның халық жазушысы, драматург, сыншы, әдебиет, театр зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың төл әдебиетімізде алар орны ерекше. Ұлы ақынға қай өңірде ескерткіш қойса да жарасымды. Ал бұл бюсттің орны бөлек. Өйткені, өзінің туған жерінде, өзінің есімімен аталатын үлкен рухани шаңырақ - облыстық кітапхананың алдына қойылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ақынды ұлықтауға арналған шарада құттықтау сөз сөйлеп, Әбділда Тәжібаевтың өнері өскелең ұрпаққа өнеге болу керек екендігін тілге тиек етті.
- Сыр топырағынан шыққан жарық жұлдыздарымызды ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Бұл ескерткіштің Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз. Әбділда Тәжібаевтың жалынды жырлары жыл өткен сайын одан әрі асқақтап жастарды өрлікке, биіктікке шақырып, теңіз тереңіндегі маржандай жарқырай беретіні сөзсіз, - деді облыс әкімі. Ұрпағы Зифа Әбділдақызы да әкесі жайлы естеліктер айтып, жерлестеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін алғысын жеткізді. 
Шара соңында қонақтар ақын шығармашылығына арналған «Жұлдыз шашқан жырлар» атты Тәжібаев оқуын, сондай-ақ «Ұлттық поэзия бәйтерегі» атты кітап көрмесін тамашалап, ақын мұражайымен танысты.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: