Бүгін Жаңақорған кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен «Арман» кенттік мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай «Бірлігіміз жарасқан, Тәуелсіз ел - Қазақстан» атты мерекелік мәдени іс-шара өтті.
Шараның мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатын басшылыққа ала отырып, аудан және кент орталығында тұратын түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық салт- дәстүрін насихаттау арқылы еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтау болып табылады.
Аталған шараға аудандық ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелері, аудандағы белсенді түрлі ұлт өкілдері, мектеп оқушылары, көше комитетінің төрағалары, ауданның өнерпаз жастары қатысты.
Сахнаға «Ел бірлігі жылы» атты кітап көрмесі қойылды. Шараны кент әкімі Сапарбаев Қайрат ашып беріп, кентте әртүрлі ұлт өкілдері татулықта, бірлікте тұрып жатқанын айта келе, ауданның мәдени-көпшілік өміріне атсалысып жүрген Н. Илялетдинов атындағы №169 мектеп директорының орынбасары О. Шин, бастауыш пәнінің мұғалімі С. Изатова, 11-сынып оқушысы А. Балясникова, мектеп мұғалімі А.Искендирова, зейнеткер В.Пактарды алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шара ары қарай «Жастар» мәдени үгіт тобы қыздарының Ассамблея жылына арналған өлең шумақтарымен жалғасты. Сондай ақ №169 мектебінің ұстаздары мен оқушыларынан құралған өнерпаздар түрік ұлтының «Қызға құда түсу» салт-дәстүрін ерекше көрініспен сахналады.
Мәдени шараны қорытындылаған облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жаңақорған ауданы бойынша ұлтаралық қатынастар жөніндегі эксперті Б.Өтебаев қорытындылап, бүгінгі шараға қатысқан түрлі ұлт өкілдеріне арнайы алғысын білдірді.