Гүл көктеммен бірге шуағын шаша келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде «Өмірдің мәңгілік мәні - әйел» атты салтанатты кеш өтті.
Кеште аудан әкімі Абзал Мұхимов: «Халқымызда «Барлық жақсылық – күннің нұрынан, жылылық – әйелдердің аялы алақанынан таралған» деген жақсы сөз бар. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел – тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Қоғамдық сана "әйел – кәсіпкер”, "әйел – саясаткер”, "әйел – қоғам қайраткері” деген жаңа мәртебемен, бай мазмұнмен толығып отыр»,-деп билік пен бизнесте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілетімен танылған аналарға тоқталды. Сондай-ақ осы кеште 12 анаға алтын және күміс алқалар табысталды. Бұған қоса өз саласында жемісті еңбегімен танылған бірқатар қыз –келіншектер облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы мен аудан әкімі Абзал Мұхимовтің арнайы алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар Абзал Сансызбайұлы алтын және күміс алқа иегері, ардагер аналарға жаулық жауып, жеңсіз кигізді. Салтантты кеш өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.