Туған жерден түлеп ұшып, республикамыздың түкпір-түкпірінде лауазымды қызмет атқаратын, жасы елуден асқан Қазалыдан шыққан азаматтар жыл сайын әрбір қалаларда бас қосып, спартакиада өткізуді дағдыға айналдырған болатын.
Бұған дейін Астана, Қостанай, Алматы, Қызылорда қалаларында жиналған болса, өткен жылы мұндай көрініс Қазалы ауданында өз жалғасын тапты.
Осы азаматтар арасындағы «Қазақфильм» киностудиясының продюсері Ертай Рахманбердиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Бауыржан Ахантай, «Алматыэкспертиза» департаменті директорының орынбасары Серік Тоқтаболатов, өзге де азаматтардың ұйымдастыруымен киелі Алматы шаһарында қайтадан бас қосып, спартакиада өткізілді. Оған қазалылықтарды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ардагер спортшы Толыбай Жүсіпов бастап барды. «Қазалы» командасының құрамында Нұрылда Байсақалов, Темірхан Әзербай, Жеткер Қуанғалиев, Жанаман Айғараев, Нұрлан Қозбаев, Берік Серікбаев, Ербол Нығметжанов, Дархан Искаков сынды спортшылар өнер көрсетті. Футбол, волейбол, теннис түрлерінен өткен жарысқа 4 команда қатысып, өзара бәсекелесті.
Ойын нәтижесі бойынша футболдан І орынды «Қазақфильм» командасы жеңіп алса, ІІ, ІІІ орындарды «Қазалы», «Алматы-Астана» командалары иеленді. Волейболдан І орынды «Алматы-Астана» командасы жеңіп алса, ІІ, ІІІ орындарға «Қазалы», «Алматы2» командалары ие болды. Теннистен І орынды «Қазалы» командасы жеңіп алса, ІІ, ІІІ орындарға «Алматы2», «Алматы-Астана» командалары табан тіреді.
Жалпы командалық есеп бойынша «Қазалы» командасы І орынды жеңіп алып, арнайы кубокпен және Алғыс хатпен марапатталды.