Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ТӨРЕҒАЛИ ТӨРЕӘЛІНІ ШАЛҚАРМЕН НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ НЕМЕСЕ БАЛА ЕМШІ ЕРБОЛСЫННАН ӘНШІ ШЫҒА МА?

ТӨРЕҒАЛИ ТӨРЕӘЛІНІ ШАЛҚАРМЕН НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ НЕМЕСЕ БАЛА ЕМШІ ЕРБОЛСЫННАН ӘНШІ ШЫҒА МА?

 

Бала кезінде-ақ Төреғали әкесіне еріп, Шалқарға жиі келетін. Сол жерде ауыл балаларымен құлын тайдай тебісіп, бірге ойнап, көл суына шомылатын. Ойын балалары ол уақытта болашақты болжап па, бірі әнін, бірі сөзін жазып, тағы бірі әсем дауысымен сахнаға алып шығады деген ой үш ұйықтаса түстеріне кірмесе керек. Аян Сейітов, Қайнар Алагөзов, Құрал Молжанов есімдері бүгінде елге танымал жас таланттар. Аян мен Қайнар 15-16 жасында-ақ айтысқа шығып-ақ аттары шықты. Құралдың әндерін танымал жұлдыздар орындайды.
– Байқоңырда мәдениет саласында еңбек етіп жүрген кезім. Мүмкіндік болғанда Шалқарға жиі барушы едім. Әрдайым жанымда балам Төреғали еріп жүретін. Бір кездері Ақтөбеде тұрдық та. Ұлым ақындар мен домбырашылардың арасында өсті. Содан болар сөздің қадірін түсінеді. Балалармен үнемі суға түсіп жүретінін білемін. Төрт бала қатар өсті, тату болды. Олардың болашағы дәл бүгінгідей болады деп ойламадым. Әдетте, балалар каникул кезінде туысқандарын жағалап кететін. Ал менің Төрешім үнемі менімен бірге, «қызмет бабымен» жүретін, – дейді Төреғалидің әкесі Төреәлі Төлеп.
– Сөзіңіз аузыңызда. Осы ретте балаңыздың ертеректе республикалық арналардың бірінде достық туралы сөз еткені есімізде. Қаршадай бала достыққа сенбеу керектігін, достардың кез келген уақытында сатып кететіндігі, ал нағыз дос ата-анасы екенін, тек ата-анасы ғана үнемі жанында қалатыны туралы, тағы соған ұқсас әңгімелер айтты. Мұны қалай түсінуге болады?
– Шынымды айтсам, режиссерлар алдын ала бізге сондай сценарий үлестіріп берді. «Достыққа сенбеу керек» деді, тағы басқа тақырыптар болды. Төрешке «ата-анам – қорғаным» деген тақырып тап болды. Біз әлгі хабарда тек рөлді сомдап шықтық десек те болады. Рас, менің достарым да мұны дұрыс түсінбеді. Оларға барлығы алдын ала келісілген, режиссердің тапсырмасы екенін айтып түсіндіргендей болдым. Алайда менен теріс айналып кеткендер де болды. Шын мәнінде достыққа сенемін. Өмірдегі үлкен құндылықтардың бірі – осы достық шығар. Ата-анаңа айта алмаған дүниелерді досыңмен бөлісесің…
– Төреғалидің ғаламторда Аралқұм ауылынан шыққан бала емші Ерболсынмен бірге орындаған әні кеңінен тарады. Емші баланың әншілік қабілетіне не айтар едіңіз? Әнді студияға апарып жазыпсыз. Егер шын дайындалса, сахнаға шығуына бола ма?
– Рас, емші баланың біздің Төреғалиді таңдағаны біз үшін тосын жай болды. Оны алыс та жақын елдер танып жатыр. Республикалық арналардың бірінде «кіммен кездескің келеді» деп сұрағанда Төреғалидің есімін атаса керек. Студияда ән жазғанымыз да рас. Төреғали — кәсіби әнші. Оқуын оқыды. Бірнеше жыл дайындалды. Ал Ерболсын ден қойып, оқитын болса, үнемі ән айтып жүретін болса, жақсы әнші болуы әбден мүмкін.
– Ғаламторда өзге әншілерге қарағанда Төреғалиге қатысты материал аз. Санаулы клиптері мен кейбір бағдарламаға қатысқан видеолары болмаса, өзге дүние таппадық. Қара пиар да жоқтың қасы. Әншіні мақтайтын «ақ пиар» да жоқ. Ыңғайсыз жағдайда ғаламторға түсіп қалмас үшін сіз әке ретінде балаңызды қадағалап жүресіз бе?
– Иә, «әншілер төбелесіпті», «біреуді соққыға жығып кетіпті», «ішіп алыпты» деген сарындағы әңгімелерді жиі естиміз. Бұлар өнер адамдарына абырой әпермейтін дүниелер. Сондықтан баламның әрбір қадамын қадағалап отыруға тырысамын. Бәлкім қадағалау деген дұрыс емес те шығар, әкенің балаға деген жанашырлығы ғана. Жалпы әр әншінің өз репертуары бар. Құдайбергеновтер әулетінің баласы Ерболат рэп шырқайды, Роза Рымбаеваның ұлы Әлидің өз таңдаған бағыты бар. Төреғалидің де өз жолы бар. Бізге «ақ пиардың» да, «қара пиардың» да қажеті жоқ. Төреғали үшін нағыз пиар – оның әндерінің сөзі десек те болады. Аян Сейітов, Қайнар Алагөзев секілді сөздің қадірін білетін ақын жігіттер тұрғанда ештеңе қорқынышты емес.

Асқар Ақтілеу, «Тілші».
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: