Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қызылордада 553 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған

Облыс бойынша 553 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде: 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар, 231 ескерткіш алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген.
2013 жылы өңірдің тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік Кеңестің құрылуы саладағы өзекті мәселелерді шешуге және оның ғылыми маңыздылығын арттыруға жаңаша серпін берді. Аталған Кеңестің нәтижелі жұмыстарының бірі ретінде 2018 жылы Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында Қорқыт ата мұралары мақұлданып, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгенін айтуға болады. Облыста Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуіне байланысты Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.
Сонымен қатар, Кеңестің шешімімен облыстық бюджеттен алғаш рет археологиялық зерттеулерге қаржы қарастырылып, 2014-2019 жылдары ежелгі және ортағасырлық Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент, Жент, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне қазба жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстары аясында маңызды мәдени нысандар аршылып, Сыр өңірінің археологиясы тың деректермен толықтырылуда. Қазіргі уақытта қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, аршылған нысандарды сақтау, қалпына келтіру шаралары қоса жүргізіліп, табылған құнды жәдігерлер облыстық музей қорына жинақталуда. Бұл жұмыстардың нәтижесімен келешекте қалашықтарда археологиялық парк қалыптастыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: