2015 жылдың көктемінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жаңақорған ауданы әкімі Р. Рүстемовтің бастамасымен, елімізге танымал режиссер Қ.Омаровтың жетекшілік етуімен «Туған жерге тағзым» атты кинофильмнің түсірілім жұмыстары басталған болатын.
Түсіру тобы ауданға қарасты тарихи-мәдени, рухани ескерткіштер мен көне қалалар орнын таспаға басып, жобаға діни-рухани, ғылыми тұрғыдан философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай жетекшілік етіп, пайымды пікірін білдірген еді. Бүгінде аталмыш деректі фильмнің монтаж жұмыстары жүргізілуде. Фильмнің жұмыс көрсетілімі алғаш рет аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында көрсетілді. Фильмді тамашалауға аудан әкімі Р.Рүстемов, режиссер Қ.Омаров, жобаның негізгі материалын дайындап, сценарийін жазған - жергілікті өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А.Сопбеков, аудан әкімінің орынбасары Б.Айтбембет, «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы Қ.Әбдуов қатысты. Фильмнің кейбір үзінділерін талқылаған қонақтар, өзгертулер мен түзетулер енгізіп, бұл жобаның тарихи-танымдық маңызы бүгінгі жас ұрпақ үшін орасан зор екендігін атап өтті.