Қызылорда облысының Шиелі ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты мерекелік концерт өтті.
![]()
Шара Шиелі аудандық Арман мәдениет үйінде «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында ұйымдастырылды. Концерт басталмас бұрын лэд экраннан Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасу тарихы мен еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың маңызын айшықтаған бейнеролик көрсетілді.
Концертке облыстық қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы-этносаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық ҚХА құрылымдары төрағалары мен мүшелері, Ақсақалдар кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ, Медиаторлар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, аудандағы этнос өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Кештің ашылуында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов және Шиелі ауданындағы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев елдегі этносаралық келісім мен бірліктің маңыздылығына тоқталып, Ассамблеяның қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– «Ел бірлігі – достық пен бауырмалдықтың, бейбіт күн мен татулықтың темірқазығы. Бүгінгі мерекелік кешіміз – осы құндылықтардың мерейін үстем ететін рухани шара», – деді .
Мерекелік кеш барысында түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін дәріптейтін ән мен би қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Ассамблея жастары қазақтың төл өнерін дәріптеген «Менің Қазақстаным» әнімен кешті ашып, одан әрі домбырашылардың күйі мен қазақ, өзбек, ұйғыр, орыс, грузин билерімен жалғасты.
Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ көркемдік жетекшісі Ирина Ащеулова «Бұлбұлым» әнін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал Филиппова Надежда «Близкие люди», Искакова Гульбахор «Кокирко» әндерін орындап, халық арасындағы достық пен сыйластықтың әсем үнін жеткізді.
Шара аясында ауданның қоғамдық өміріне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталып, естелік суретке түсті.
Кеш соңында «Ассамблея жастарының» орындауындағы «Атамекен» әні шырқалып, көрермендер ел бірлігі мен бейбітшіліктің қадірін сезініп тарқасты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты көш керуені бұған дейін Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылында өткен болатын. Көш керуені ертең Жаңақорған ауданында жалғасын табады.