КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің құқықтық негізі, тәуелсіздігіміздің тірегі және қоғам тұрақтылығының кепілі. Онда еліміздің мемлекеттік құрылымы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, билік органдарының қызметі және қоғамдық өмірдің негізгі қағидаттары айқындалған. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін белгілейтін X бөлімнің 92-бабының маңызы ерекше.
Аталған бапта Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің негізгі тетігі ретінде жалпыхалықтық референдум қарастырылған. Бұл – мемлекет үшін маңызды мәселелерді халықтың тікелей дауыс беруі арқылы шешуге мүмкіндік беретін демократиялық құрал.
92-баптың бірінші тармағына сәйкес, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Президентінің өз бастамасы бойынша, сондай-ақ Құрылтайдың, Үкіметтің немесе Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасы бойынша қабылданған шешіммен өткізілетін жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Мұндай тәртіп конституциялық өзгерістердің маңыздылығын айқындап, оларды қабылдау барысында қоғамдық пікірдің ескерілуіне жол ашады.
Баптың екінші тармағында референдумның өткізілді деп танылу шарты белгіленген. Атап айтқанда, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысуы қажет. Бұл талап халықтың дауыс беру рәсіміне қатысу деңгейін айқындайды.
Ал үшінші тармақ Конституцияға ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қабылдаудың маңызды шартын белгілейді. Өзгерістер қабылданды деп танылуы үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы оларды жақтап дауыс беруі тиіс. Осылайша, конституциялық өзгерістерді қабылдау кезінде ел өңірлеріндегі азаматтардың дауыс беру нәтижелері де ескеріледі.
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі – халықтың мемлекет басқару ісіне қатысуының маңызды көрінісі. Референдум азаматтарға елдің құқықтық дамуына қатысты шешімдерге өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы, қоғамдық белсенділігі және ел болашағына деген жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.