Ағымдағы жылы облыстық театр және филармония ұжымдары Әзербайжан Республикасының Баку және Шеки қалаларында өнер көрсететін болады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы М. Әбуова баяндады.
«Өткен жылы алыс-жақын шет елдермен мәдени байланысты нығайту мақсатында облыстық филармонияның «Томирис» би ансамблі Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында өткен Наурыз мерекесіне қатысып, өнер көрсетті. Филармонияның өнер ұжымы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ресейдің Орынбор қаласында, Ташкентте, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Тараз қаласында және арнайы мерекелік бағдарламалармен елді мекендерде гастрольдік концерттер ұйымдастырды. Аталған жұмыстар 2017 жылы да өз жалғасын тауып, облыстық театр және филармония ұжымдары Әзербайжан Республикасының Баку және Шеки қалаларында өнер көрсететін болады» - деді сала басшысы.