Қызылорда қаласындағы № 235 мектепте «Атамекен» мұражайы жұмыс істеп келеді. Оған ардагер ұстаз Күләш Алматшаева жетекшілік етеді.
Ардагер ұстаз мұражай жәдігерлерін жинауда үлкен еңбек сіңірді. Онда түрлі тақырыпта мыңнан аса жәдігерлер қойылған. Бұл орын этнографиялық және тарихи бағыттар бойынша бөлінеді. Этнография бөлімінде өткен ғасырдан қалған тарихи дүниелер, қазақ халқының көне заманда үй шаруасына пайдаланған заттары қойылған. Мектеп оқушылары сабақ бағдарламасына сай мұражайда қойылған заттармен танысып отырады. Кітапханада өткізілтін түрлі іс-шараларда «Атамекен» мұражайының жәдігерлері тиімді пайдаланылып келеді.
Жақында Алматыда «Social innovation-2018» жобасы өтті. Байқауға 156 қазақстандық өтініш бергенімен қазылардың таңдауы 50 жобаға түсті. Солардың арасында 10 жобаның авторы ғана қаржылық қолдауға ие болды. Қазылар 66 жастағы зейнеткер Күләш Алматшақызының «Чемодандағы музей» жобасын үздіктер қатарында бағалады.
Жуырда № 271 орта мектепте «Кітапхана – рухани жаңғыру жолында» атты қалалық семинар болды. Осы семинарға ардагер-ұстаз Күләш Алматшақызы «Чемодандағы музейді» алып барды. Семинарға қатысушылар көненің көзімен көзбе-көз танысып, үлкен әсерге бөленді. Ардагер алып келген экспонаттар туралы қызықты да тартымды әнгімелеп берді.