Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентіндегі «Жастар саябағында» Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты шара өткізілді. Бұл жайында Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шара барысында интернационалдық борышын өтеу кезінде қаза тапқан жерлестеріміз – Айсауытов Нұрлыбек, Өміров Әнуарбек, және Доспанов Рақымжанның рухтарына құран бағышталып, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюмен басталып, №250 мектеп-лицейдің акт залында жалғасты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Болат Нақыпов сөз сөйлеп, аудан соғысы ардагерлеріне облыс әкімі Қ.Көшербаевтың, аудан әкімі С.Мақашовтың алғыс хаттарын тапсырып, қаза тапқан сарбаздардың туыстарына сый-сияпат жасады. Жалпы, Қармақшы ауданынан Ауғанстан жеріндегі соғысқа 80 азамат аттанған болса, үшеуі майдан даласында қаза тапты. Елге оралған ардагерлердің бүгінгі күні 34-і ортамызда. Салтанатты шара мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.