Қызылорда облысы үшін туризм саласы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы перспективалық бағыттардың бірі. Осы ретте, қызылордалықтар қазірден-ақ ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға дайындық үстінде. Дегенмен, бұл салада қиындық та жоқ емес. Аймақта туризм саласы бойынша қызмет ететін мамандар жоқтың қасы.
Осы орайда, тарихи-мәдени, спорттық және өзге де салалар бойынша туризмнің түрлерін дамыту мақсатында мамандарды әзірлеу мәселесіне қатысты М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Болашақ туризм саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді.
Шараға Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының, облыстық білім, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының өкілдері, туристік фирмалардың басшылары және Имеджиология Академиясының ректоры (Астана қ-сы) қатысты.
Шара барысында туризм саласы бойынша мамандардың жетіспеушілігін және жұмыс берушілердің дуальдық оқыту жүйесі бойынша студенттерді дайындауға әзірлігін ескере келе, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Туризм» мамандығын Дуальды білім беру жүйесінің Жол картасына енгізуді ұсынды.
Бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлмира Әлназарова: «Дөңгелек үстелде «Туризм» мамандығы бойынша студенттерді даярлау, мамандарды сертификаттау және әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Мұндай шаралар барлық мүдделі тараптардың экономиканың аталмыш саласы бойынша білікті маман даярлау үшін дуальдық оқыту жүйесін енгізу қажеттілігі жөнінде келісімге келуімен құнды. Дөңгелек үстелде осы нәтижеге қол жеткіздік», - деді.