Кіші Арал суының деңгейін көбейтуге айтарлықтай мүмкіндік болады - Президент
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы барысында айтты. Өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны бүкіл әлемге белгілі дерек. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда. Қызылордағы келіп тұрып Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселені халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. - Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ, бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Көптеген түйткілді шешу шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет. Су еліміз үшін стратегиялық ресурс,- деді Президент.