Қызылорда облыстық мәслихаттың VI шақырылымының бірінші сессия отырысы өтті. Сессияда депутаттар мәслихат хатшысы мен тұрақты кеңестер саны мен олардың мүшелерін сайлады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес бірінші сессия отырысын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов ашты. Мәслихаттың бірінші сессиясының төрағасы болып Ибадулла Құттықожаев сайланды.
Ал Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы етіп бірауыздан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамовты сайлады. Халық қалаулылары мәслихаттың жаңа хатшысын құттықтап, ұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе облыстық мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялар саны мен құрамы, олардың төрағаларын бекіту туралы. Мәслихат жанынан 4 тұрақты комиссия, оның әрқайсысының құрамында 7 депутаттан болады.
1) Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, төрайымы – Райхан Ысқақова;
2) Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, төрағасы – Қылышбай Бисенов;
3) Өндіріс және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, төрағасы – Темірхан Кенжебаев.
4) Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссия, төрағасы – Асқар Махамбетов.
Мәслихаттың келесі сессиясының төрайымы етіп Райхан Ысқақованы сайлады.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барлық депутаттар мен мәслихаттың хатшысын құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
- Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтудеміз. «Ұлт жоспары» сияқты маңызы зор құжаттың қабылдануы біздерге де, депутаттар үшін де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сіздер білімі мен білігі жоғары, халық арасында да абырой-беделі бар азаматсыздар. Сондықтан, елдің аманатын адал атқарады деп сенемін, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.