Облыстық жастар форумы аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жастар ұйымдарының көшбасшыларымен және жастар қозғалыстарының мүшелерімен кездесті.
- Біздің мақсатымыз – белсенділерді көрсете отырып, кестеге сай шара өткізу емес, жастардың нақты мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын айқындау. Форум жұмысы төрт секциялық бағытта өтеді. Мысалы, NEET (білімі және жұмысы жоқ) санатындағы жастармен жұмыс істеу мәселелері қаралды,- деп атап өтті, аймақ басшысы.
Жастардың өз бетінше дамуы үшін аймақта еңбек ресурстарының балансы жасалды. Оған сәйкес, еңбек нарығына қажетті мамандар даярланады. Бұдан бөлек, бітірушілерге арнайы бағдарлама дайындалған. Бүгінде 391 қызылордалық РФ Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алуда. 4000-ға жуық студент «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Тағы 512 жас облыс әкімінің грантын жеңіп алды.
«Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Шахмардан Байманов Қызылорда облысының еңбек ресурстарының балансын әзірлеу және маргинал жастармен жұмыс жасау тәжірибесін Қазақстан бойынша таратудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар жастардың қоғамдық-мәдени өмірін қалыптастыруға байланысты бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді.