Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты шара өтті. Шараға мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органдарының өкілдері мен түрлі салада еңбек етіп, Сыр өңірінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар қатысты.
«Еліміздің ең басты ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік – бұл біздің ең қастерлі де қасиетті, баға жетпес құндылығымыз. Қазақстан - шекарасы нақтыланған, Әнұраны көкте қалқып, Көк Туы желбіреген, Елтаңбасы қалыптасқан, Тілі, Төл Теңгесі, Әскери Күші бар іргелі мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен экономикамызды қалыптастыруға барынша күш салудамыз. Осы ретте, Алаштың анасы атанған Сыр елі де - Тәуелсіз Қазақстанның дамуына зор үлесін қосып келеді», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар салтанатты шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар азаматтарға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 461 Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық сондай-ақ мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілген мемлекеттік наградаларын табыстады. Олардың қатарында мәдениет және ғылым қайраткерлері, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, өндіріс және бизнес салаларының өкілдері бар.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қызылорда «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетов марапатталса, «Құрмет» ордені Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова, Қармақшы ауданындағы«Жаңа жол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов және басқа да азаматтарға табысталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталғандардың қатарында Сырдария ауданындағы «Қызылдихан» шаруа қожалығының механизаторы Қанат Байкенжеев, Қызылорда қаласындағы «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС операторы Қайрат Бисенбаев, Қызылорда жылу электр орталығының слесарі Әділбек Боханов, Шиелі ауданындағы «Байкен U» ЖШС дәнекерлеушісі Жолдасбек Мырзалиев және т.б бар.
Ерекше атап өту кету керек, биыл Мемлекет Басшысының арнайы марапатымен Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен өңірімізде алғашқы болып еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов наградталған, ал, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Бақытбек Темірбековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы табысталды.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесіне орай жазушы, эколог-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,әдебиет саласы бойынша мемлекеттік стипендия иегері Сайлаубай Жұбатырұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері Сейітсұлтан Айымбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді.