Бүгін «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының кезекті VІІІ есеп беру конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
Конференцияда «Жас Отан» Жастар қанатының атқарып жатқан жұмыстары сараланды. Бұл ұйым жастардың мүддесін қорғауды мақсат санайды. Олардың әлеуметтік мәселелерін басты назарда ұстайды.
Жолдауда ел жастарының алдына айқын мақсат-міндеттер қойылып, өскелең ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жастарды қолдау бағытында жасалған жұмыстарға тоқталсақ.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандардың ауылдық жерлерге барып тұрақты қызмет жасауына мол мүмкіндік беретін ТМД елдеріндегі теңдесіз жобаға айналды. Елбасының шешімімен «Болашақ» бағдарламасы қабылданды. 20 жылда әлемнің 33 елінде білім алған «болашақтық» 6015 жас бүгінде әртүрлі салаларда қызмет етіп жүр. Қазір 3 мыңға жуық стипендиат шетелде білім алуда. Айта кету керек, республикалық «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасы нәтижесінде өңіріміздің 358 түлегі жоғары оқу орындарында, 420 түлегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде грант негізінде білім алуда. Соның ішінде қызылордалықтардың үлесі басым. Мәселен, республика бойынша ЖОО-на бөлінген 1050 грант иегерінің 34 пайызы, кәсіптік және техникалық оқу орындарына қаралған 1000 гранттың 42 пайыз біздің облыс жастар үлесінде. Сондай-ақ, «Жастар тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту», «Қолжетімді баспана» бағдарламалары арқылы мыңдаған жастар әлеуметтік қолдау алып, қоғамда өз орындарын табуда. Аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен өткен жылы 199 миллион теңге бөлінсе, биыл 307 миллион теңге қаржы қаралды.
- Бұл құрғақ цифрлар ғана емес, әрбір көрсеткіштің артында Мемлекет басшысының қамқорлығы мен орасан еңбек жатыр. Сондықтан, Елбасының айналасына топтасып, Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылы - Нұрлы Жолда аянбай еңбек етуіміз қажет, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жастар облыс әкіміне сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.