ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы менің өмірімде» атты Елбасымен жүздескен этнос өкілдерінің мерекелік кездесуі өтті. Шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты.
Кездесуде этнос өкілдері Елбасының ұлағатты сөздерін тыңдап, жылы жүздесуден алған әсерлерімен бөлісті. Олар мемлекет басшысының қайраткерлігі арқасында Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын айтты. Расында еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді. Соның ішінде әлемде теңдесі жоқ, бірден-бір құрылым - Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, басқа елге үлгі ету Елбасының сарабдал саясаты.
Облыста 11 этномәдени орталық жұмыс жасайды. Олар мемлекеттік саясатты қолдап, аймақтың өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді. Елбасымен дидарласқан этнос өкілдері өздерінің алған әсерлерімен бөлісті. Барлығы да Президенттің әрбір сөзінен елдің келешегінің кемелдігін көріп, күш-жігер алғандықтарын айтты.
- Бүгін өздеріңізбен кездесіп, Елбасының өмірлеріңізде қалдырған өшпес ізі туралы әсерлі естеліктеріңізге ризашылығымды білдіремін. Келер 2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтап, биіктерімізді бағалайтын мерейлі белестерге толы, аса маңызды жыл болып тұр. Қазақстан Республикасы Конституциясымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы салтанатты түрде аталады. Келесі жылы этномәдени бірлестіктер үшін айрықша жыл. Мерейлі жылы Достық үйі ашылады және республикалық деңгейде Сабантой мерекесі ұйымдастырылатын болады, - деді Қ.Көшербаев.
Кездесуге қатысушыларға Елбасы туралы кітап сыйға таратылды.