ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАН ЭТНОСАЯСАТЫ БОЙЫНША ДӘРІС ОҚЫДЫ
28 сәуір күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Достық үйінде «Тәуелсіз Қазақстан этносаясатының қалыптасуы» тақырыбында дәріс оқыды. Оған этномәдени бірлестіктің басшылары, ҚХА жастар қанатының белсенділері, ғылыми-сараптамалық топ өкілдері, облыстағы оқу орындарының басшылары мен оқытушылары және студенттер мен оқушылар қатысты.
- Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік этносаясат қазақстандық мемлекетті құруға, Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығы идеясын іске асыруға бағытталды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде мемлекеттік және ұлттық саясатты жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келе жатқан бірегей институт ретінде қалыптасып үлгерді және оның идеологиялық, ғылыми, білім беру мен тәрбиелік функциялары жүйелі түрде дамып келеді. «Біздің «осал тұсымыз» деп аталған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артықшылығымызға айналдыра алдық», - деп Елбасы атап көрсеткендей, қазіргі таңда бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болатынын жаһандану дәуірі көрсетіп отыр,- деді облыс басшысы.
Облыс әкімі қатысушыларды келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, дәріс тыңдаушылардың сауалдарына жауап берді.