Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Батырхан Шөкенов әкесінің турнирінде концерт берді

23-24 қаңтар күндері «Евразия» спорт кешенінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық қаржы басқармасының ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген экономисі, елімізге белгілі қаржыгер Камал Шөкеновты еске алуға арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан 10 команда, 100-ден аса қызметкерлер қатысып, үздіктер анықталды. 

 

Батырхан Шөкенов әкесінің турнирінде концерт берді

 

Камал Шөкенов – облыс экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан республикаға белгілі ардақты азамат, кәсібімен құрметке бөленген қаржыгер. Қаржы саласында 40 жылдан аса үздіксіз жұмыс атқарып, көптеген марапаттауларға ие болған. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік бюджетті орындаудағы жоғары көрсеткіші үшін «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Ол өмірінің соңына дейін футболдың нағыз жанашыры және жанкүйері болды. 
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының командасы финалда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті командасынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Ал Қармақшы ауданының қаржыгерлер құрама командасы үшінші орынды иеленсе, облыстық қазынашылық департаментінің командасы төртінші орынды қанағат тұтты. К.Шөкеновтер отбасынан бірінші орынға 200 мың теңге, екінші орынға 150 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңгеден ақшалай сыйақы табысталды.
Турнир қорытындысында «Үздік қақпашы» номинациясын Жарас Смайлов (облыстық қазынашылық департаменті), «Үздік қорғаушы» - Мадияр Байшылықов (Қармақшы ауданы), «Үздік шабуылшы» - Мақсат Әбдікамалов (облыстық мемлекеттік кірістер департаменті), «Үздік ойыншы» - Әділбек Жақанов («Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы) лайық деп танылып, марапатталды. 
Жарыстың жабылу салтанатына Камал Шөкеновтың ұлы Бауыржан Шөкенов, шәкірті, Парламент мәжілісінің депутаты Құттықожа Ыдырысов, әріптесі, Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасын басқарған Айтмұханбет Құрманғалиев және Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Өмірзақ Елеусіновтер қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Ал турнирдің соңында Камал Шөкеновтың ұлы, қазақ эстрада жұлдызы Батырхан Шөкенов концерт берді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: