Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Ту көтерген толағайлар

Нұрбай Әбілахатұлы. Қармақшы ауданында Азия, Әлем біріншіліктерінде жеңімпаз атанған жерлестеріміз бар. Олардың өмір жолы өнеге..
Бұл жолы бокстан Азия біріншілігінің жеңімпазы, үш мәрте полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Өміржан Әбдірахманов, қазақ күресінен жастар арасында өткен Әлем чемпионатының І орын иегері, қазақ күресі, самбо және дзюдодан халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаз, жүлдегері Айбек Серікбаев пен қазақ күресінен 2 дүркін Әлем және 2 дүркін Еуразия чемпионы,бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы Ғалымжан Әбдірахманов жайлы болмақ.


Өміржан Бауыржанұлы Жосалы кентінің тумасы. КСРО Батыры Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейінің түлегі. Спортты, оның ішінде боксты алғашында Бауыржан Әбенғалиевтың жаттықтыруымен бастап, кейіннен білікті сала маманы Қуаныш Қаражановтың бокс секциясында жалғастырады.
Мектепте оқып жүріп аудандық, облыстық жарыстарда білгір мамандардың назарына ілінген Өміржан жылдар өте халықаралық байрақты бәсекелерде топ жара бастайды. Атап айтқанда, Өзбекстанның Зарафшан қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы бүкілодақтық дүбірлі жарыста барлық қарсыласын жеңіп, айды аспанға шығарады. Кейіннен одан да бөлек халықаралық жарыстарда жасындай жарқырап, сол кездегі еліміздегі белгілі спорт маманы Қайырболат Нұрсейітовтің шақыруымен ішкі істер органының «ЦСКА» спорт мектебіне қабылданып, ондағы сынақтан сүрінбей өткен ол өзінің өжеттілігімен, қайсарлығымен еліміздің жастар құрамасына қабылданып, Ресейде жастар арасында өткен байрақты жарыс жеңімпазы болып елге оралады. Содан кейінгі жылдарда Павлодардағы Қазақстан Республикасының жазғы спартакидасында да топ жарса, Тайваньда өткен Азия біріншілігінде 60 келіде І орынды иемденеді. Сондай-ақ, Малайзияда ересектер арасындағы байрақты бәсекеде де жасындай жарқырап, жеңімпаздардың биік шыңынан орын алды. Бірақ, сол жарыста жарақат алып қалған жерлесіміз содан кейінгі жылдарда біршама жарыстарға қатыса алмайды. Десе де, қолы шипалы дәрігерлердің арқасында қайта сапқа қосылып, көптеген бәсекелі додаларда өзінің мықтылар қатарында екенін дәлелдейді.
Өміржан Бауыржанұлы 1999 жылы Алматыда Сидней олимпиадасына қатысуға жолдама алу үшін Қазақстан және Куба боксшыларының біріккен жаттығуында алған екінші жарақаты оның спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр етеді. Міне, осыдан кейін ол спорттағы жолын аяқтайды. Алайда, «Алтын кездек қап түбінде жатпайды» дегендей, Өміржан алдымен Алматы қаласындағы облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жылдам қимылдайтын жасақтың командирі қызметіне шақырылып, біршама уақыттан кейін талантты боксшының спорттық жетістігіне қанық болған басшылық оны Америкада полицейлер мен өрт сөндірушілер арасындағы өтетін дүниежүзілік ойындарға қатысуға жібереді.
Спортшы басшылық тарапынан тапсырылған жауапкершілікті абыроймен орындап, өз салмақ дәрежесі бойынша Әлем чемпионы атанып, елге оралады. Кейіннен ол отбасылық жағдаймен Қызылордаға ауысып, облыстық ішкі істер департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі болып қызметін жалғастырады. Қызмет барысында басшылықтың ұсынысымен Өміржан бокстан Аустралия елінде өтетін полицейлер мен өрт сөндірушілер арасындағы әлемдік бәсекеге қатысып, онда да өзінің 63 келі салмақ дәрежесі бойынша екінші рет әлемді бағындырады. Содан кейін араға жылдар салып, Американың Ванкувер қаласында өткен байрақты жарыстың биік шыңынан орын алып, үш дүркін Әлем чемпионы атағын иеленеді.
– Мен спорттың бокс түріне бала кезден қызығып, 3 сыныпта оқып жүргенімде әкем мені және ағамды Бауыржан Әбенғалиев деген ағайға апарып, бокс өнеріне баулуға тапсырды. Кейіннен ол ағайымыз басқа қызметке ауысып кеткен соң, сол жылы ауданға келген Қуаныш Қаражанов ағай бізге жаттықтырушы болды. Есімі Қазақстанға танылған Қуаныш ағаймен жаттыға бастаған біздер көп ұзамай облыстық, республикалық, бүкілодақтық жарыстарға қатыса бастадық. Нәтижесі де жаман болмады. Мен алғашында Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен жарыстарда өз салмағымда топ жардым. Кейіннен мені көз қырына алған еліміздің білікті жаттықтырушылары Алматыға шақырды. Ағайымның рұқсатымен республикалық «ЦСКА» спорт мектебіне қабылдандым. Спорт мектебінде жаттығып жүріп, талай рет дүбірлі жарысқа қатыстым. Шет елге шықтым. Онда да өз салмағым бойынша жеңімпаз атандым. Азия біріншілігінде топ жарып, ел құрамасы сапына қабылдандым. Алайда, бір үлкен жарыста жарақат алып, жаттықтырушылардың ұйғарымымен біршама уақыт емделдім. Емделіп шыққан соң да бірнеше рет халықаралық бәсекелерде топ жарып, өз салмағымда басым екенімді дәлелдедім. Десе де, Сидней олимпиадасына қатысуға арналған жолдаманы жеңіп алуға арналған Куба және Қазақстан боксшыларының біріккен жаттығуында екінші рет жарақаттанып, құрама дәрігерлерінің шешімімен олимпиадаға қатысуға, тіпті спорттық мансабымды аяқтауға мәжбүр болдым. Бірақ, менің спорттағы еңбегімді ескерген басшылық ішкі істер органында жұмыс істеуіме жағдай жасады. Онда да басшылық тарапынан көптеген қолдау таптым. Қызмет берді, атақ пен түрлі мадақтамалар да алдым. Тіпті спорттық мансабымды жалғастырып, бокстан полицейлер мен өрт сөндірушілер арасында үш рет Әлем жеңімпазы атандым. Содан кейін бокс қолғабымды іліп, өмірімді ішкі істер бөлімінде қызмет етуге арнадым. Бүгінде қарамағымдағы қызметкерлермен ел тыныштығын сақтауда еңбек етіп жатқан жайым бар, – дейді толағай спортшы.
Бүгінде ішкі істер органы мен спорт ардагері Өміржан Бауыржанұлы өмірлік жары Жауқазын екеуі ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты шаңырақ иелері.
Ғалымжан Әбдірахманов 1996 жылы Жосалы кентінде дүниеге келіп, аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейде білім алған.
Әкесі Кенжебектің жұмыс бабымен Орал қаласына қоныс ауыстырған ол мектептегі алғашқы екі сыныпты Оралда, кейіннен отбасымен Жосалы кентіне қайтадан көшіп келіп, аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейде жалғастырады.
Бала жасынан спортқа, оның ішінде қазақ, самбо күрестеріне жақын болып өскен ол туысқан ағасы, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің күрес секциясының жаттықтырушысы Болат Кенеевте жаттығады. Жас талант көп ұзамай күресте биік белестерді бағындыра бастайды. Алғашқы жылдары аудан, облыстық, республикалық жарыстардан жүлде алса, кейіннен ол өз салмағында халықаралық бәсекелерде жеңімпаз атана бастайды. Оның ішінде, талай балуанның әлемдік деңгейде өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әділбек Серікбаевтың жаттықтыруымен байрақты жарыстарда ұстаз абыройын асқақтатып, 2 рет Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы, қазақ күресінен 2 дүркін Әлем жеңімпазы, тіпті өз салмағы бойынша 2 рет Еуразия барысы атанып, қармақшылықтардың мерейін тасытады.
Осындай ерен еңбектің арқасында Ғалымжан самбо және қазақ күресі бойынша Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болады.
– Спорт менің өмірімдегі бірінші кезекте тұратын мамандық. Спорт үшін өмірімді арнадым, арнап та келемін. Бала кезімде аудан орталығындағы спорт және денешынықтыру кешеніне барып, ондағы боз кілем үстінде Миржан Қуаңбаев, Бауыржан Райысов, Қайрат Үсенов, Жасұлан Досымов және басқа да атақты және өзім сияқты балғын балуандардың күресін қызықтап отырып кететінмін. Ол кезде спортқа қатысуға жасым жетпейтін болғасын мен қатты қапаланып жүретінмін. Десе де туысқан ағам Болат Кенеевтің арқасында күрес секциясына жазылып, арманым орындалды. Жаңа достар таптым. Болат ағайым Қызылордаға қызметін ауыстырған соң, менің осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізуіме қолдау көрсеткен ұлағатты ұстазым, екінші әкем деп те айтуға болады, бүгінде өзі жоқ болса да өнегелі өмір жолымен менің қоғамнан орнымды сайлап беріп кеткен марқұм жаттықтырушым Әділбек ағайымның арқасында Әлемді бағындырдым. Жер көріп, дос таптым. Жаныңыз жәннатта болсын, ұстазыма менің ризашылығым шексіз, – дейді балуан Ғалымжан.
Міне, талай байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан Ғалымжан Кенжебекұлы бүгінде спорттық мансабын тоқтатқанымен, қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы құқық қорғау органдарының бірінде ел тыныштығын күзетуде аянбай еңбек етуде. Бұл салада да балуан түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысып, өз салмақ дәрежесінде үздіктер көшінен көрініп жүр.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: