«Шахтер» футбол клубының бас бапкері тағайындалды.
Қазақстандық Дмитрий Алексеевич Огай «Шахтер» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Дмитрий Огай 1960 жылы дүниеге келген. 2000 жылдан бері бапкерлікпен айналысып келеді. Алдымен Петропавлдың «Есіл-Богатырь» клубының тізгінін ұстаса, одан кейін «Ертіс», «Тобыл», «Тараз», «Қайрат», «Қайсар», «Жетісу» клубтарында еңбек етті.
Футболшы мансабында 1978 жылдан бастап «Химик» (қазіргі «Тараз»), «Қайрат», «Пахтакор», «Шахтер», «Актюбинец» (қазіргі «Ақтөбе»), «Мұнайшы» (қазіргі «Каспий») клубтарында доп тепті.
Қарағандылық команда 2024 жылы Премьер-лигадан соңғы орынды місе тұтып, өз тарихында тұңғыш рет бірінші лигаға түсіп қалды.
Ал биыл бірінші лигада төртінші орынға тұрақтап, Премьер-лига жолдамасына қол жеткізе алған жоқ.