Шымкент қаласында 1995-1997 жылдары өмірге келген жастар арасында грек-рим күресінен қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесіне арналған республикалық турнир болып өтті. Аталмыш турнирге еліміздің барлық облыстарынан 180-ге жуық спортшы қатысып, жерлестеріміздің қоржындарына екі алтын медаль тиесілі болды.
Айдос Мұхан 66 келі салмақта алтын медальді қанжығалады. Оның бапкері грек-рим күресінің жаттықтырушы Ғабиден Райымбек. Ал жаттықтырушы Қанат Көбегеновтің қол астында өнерін шыңдап жүрген Олжас Сырлыбай 96 келіде топ жарып, қос спортшы да грек-рим күресінен спорт шебері нормативін орындады.
Енді екі спортшымыз үстіміздегі жылдың 19-21 маусым аралығында Петропавл қаласында болатын Қазақстан чемпионатына қатысады. Жарыс барысында командаға тәжірибелі бапкер, ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Виктор Юн жетекшілік етті.