Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" Қарағандыда 11 жылдан кейін жеңіске жетті

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Теміртауда Қарағандының «Шахтерімен» кездескен жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша жерлестеріміз "Шахтердің" алаңында 11 жылдан кейін жеңіске жетіп отыр. Естеріңізге сала кетелік, қызылордалық футболшылар соңғы мәрте кеншілер командасын 2004 жылы Қарағандыда 1:0 есебімен тізе бүктірген еді.

 

"Қайсар" Қарағандыда 11 жылдан кейін жеңіске жетті

  

«Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар» 1:2
Голдар: Топчагич, 70 – Димов, 44. Юнузович, 87.
«Шахтер»: Заруцкий, Габышев, Джидич, Обри, Порываев, Наджарян, Петрацци, Покривач, Муртазаев, Топчагич, Финонченко.
«Қайсар»: Прядкин, Балтаев, Ирисметов, Кляйн, Цой (Вороговский), Димов, Мужиков, Розыбакиев, Скорых (Хунт), Пирошка (Шестаков), Юнузович.
Бас төреші: Денис Тевяшов (Талдықорған).
Қызылордада көктем, ал Теміртауда әлі қар жатыр, күн де салқын. Сондықтан, көк шөпте көсіле доп тебу екі команда үшін де оңай болған жоқ. Алғашқы жарты сағатты аңдысумен өткізген командалар қақпаға аса қауіпті соққылар жасай алмады. Ал «Қайсар» биылғы маусымда бірінші рет алаңға таза екі шабуылшымен шыққанына қарамастан бұл уақытта қақпаға бірде-бір тура соққы жасамаған еді. Дегенмен, бірінші шабуылында-ақ Сыр командасы алға шықты. Үзіліске бір минут қалғанда талдықорғандық қазы Денис Тевяшов алаң иелерінің қақпасына айып добын белгілеп, стандартты жағдайды Дани Цой орындады. Жас жартылай қорғаушымыздың қолмен қойғандай етіп асырған пасына бірінші болып жеткен Пламен Димов қонақтарды алға шығарды.
Екінші тайм «кеншілердің» қарқынды шабуылдарымен басталды. Есепті теңестірудің сан түрлі жолдарын қарастырған Владимир Чебурин шәкірттері барынша атойлады. Алайда, өз күштерімен гол соға алған жоқ. Өкінішке қарай, 70-минутта жерлестеріміздің бірі қателесіп, әріптесінің орнына Алдин Джидичке пас беріп қойды да, Джидичтің өткір пасынан кейін Кирилл Прядкинмен жеке-дара шыққан Михрет Топчагич таразы басын теңестіріп кетті.
Соңғы жиырма минут алма-кезек шабуылдармен өткеніне қарамастан «Қайсардың» да, «Шахтердің» де ойыншылары қателіктерге бой алдырмады. Бірақ «тамшылай берсе тас та жарылады» деген секілді, шабуылдай берсе қорғаныс та қателеседі екен. Алаң иелерінің айып алаңын толығымен жаулап алған Дмитрий Огай шәкірттері ақыры мақсаттарына жетті. Негізгі уақыттың аяқталуына бар болғаны үш минут қалғанда «кеншілердің» қорғаушылары қара басып, Эдин Юнузовичке пас беріп қойды. Ал хорватиялық легионеріміз өзіне берілген мұндай сыйды тамаша пайдаланып, Заруцкийден айласын асырып кетті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: