Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Желмен жарысқан жампоз

Еліміздегі велоспорттың дамуы өз бастауын сонау 1918 жылдан алады. Бірінші ресми веложарыс 1922 жылы Қызылорда қаласында өтіп, велошабандоздарымыз 1951 жылдан бастап республикалық, 1963 жылдан бастап халықаралық аренада өнерлерін көрсете бастады. Кейін келе ірі жарыстарда да спортшыларымыз бәйгелерге қатысып, еліміздің намысын қорғаған.  Осылайша, 1963-64 жылдары Калинкин  КСРО чемпионы атағына қол жеткізсе, 1979 ж Макаров трек жарысында әлем чемпионы атанды. 

Еліміздегі велоспорттағы айтулы оқиғаларға тоқталып өтсек: 1980 ж. Сатыбалдиев, 1983 ж. Новолекин, 1990 ж. Тас жол бәйгесінде топтық есепте үздік атанып, алтын медальдерді қоржындарына салды. 1993 былдан бері біздің велошабандоздарымыз басқа мемлекеттердегі әріптестеріне қарағанда ең көп медальдерді еншілеп келеді. Бұған дәлел ретінде Кравченко Азия құрлығының  рекордын үш рет (1993 ж. Малайзия, 1994,1999 ж. Жапония) жаңартқанын айтуға болады. Осы чемпионатта Кравченко ерлер арасынан үздік атанып, чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Мизуров пен Яковлев атты жігіттеріміз топтасып жарысуда тамаша өнер көрсетті.
Сонау 90-жылдарға дейін қарапайым қазақ баласының әлемдік додада сынға түсуі өте қиын еді. Оның ішінде астанадан алыста жатқан өңірдің өрендері ондай сайыстарды қиялдай қоймайтын. Осындайда қазақтың «Талант тас жарады» деген тәмсілі тіл ұшына орала кетеді. 1989 жылы Францияда велоспорттың трек түрінен талайды шаң қаптырып, алтын медаль иеленген Марат Сатыбалдиевтің жеңісі жанкүйер қауымды желпіндірді. Содан кейін елдің арасында Мараттай болғысы келген өрендер көбейгені анық.
Белгілі велошабандоз Қызылордаға келген сапарында сол бір жылдардағы жетістігі жөнінде ойын білдірген еді. 
– Әр адамға балалық шағы өткен жер ыстық көрінеді, – деді ол ағынан жарылып. – Қызылорда – мен үшін осындай мекен. Қазір Алматыда тұрамын. Жұмыстан қол тимейді. Десе де қолым қалт еткенде осы жаққа ат басын бұруға тырысамын. Әр келген сапарымда ұстаз, бапкер және жора-жолдасты аралаймын. Өзім білім алған №233 мектепке барамын. Барлығы қуанып қалады. Әрине, қазір мен оқыған кездегі ұстаздар қатары сирек. Дегенмен достарымды көремін.
Әлем чемпионының айтуынша, ол велоспортқа келгенде қазіргідей жағдай жоқ. Жас өрендер бар күшін оқу мен спортқа жұмсайды. Оған ешбір өкінген емес. Бапкерлер әр шәкірті үшін көп еңбек етті. Олар баланың деңгейін таразылай білді. Жас Марат велоспортқа келгеніне ерекше қуанды. Күнұзақ соны айналдырады. Соның арқасында жат қылықтан аулақ болды. Уақыт өте келе жемісін жеді. Ол уақытта қазіргідей техника деген жоқтың қасы. Жаттығу кезінде зілдей велосипедті пайдаланады.
– Қазір жағдай жақсы. Өрендердің жаттығуына қолайлы техника көп. Менің облысқа келген бір сапарымда облыс басшылығының жергілікті велоспорт мектебіне қажетті 150-ге тарта велосипед алып бергенінің куәсі болдым. Бала шағымызда бізге ондай дүниелер тек арман еді.   Жылма-жыл Қызылордада менің атымда турнир өтеді. Онда жас өрендер тартысқа түседі. Орайы келсе, осы жарысты тамашалаймын. Ізімнен ерген өрендерге кеңесімді беремін, – дейді Әлем чемпионы.
Жалпы, велоспортта трек түрі ерекше бағаланады. Онда жарысу үшін де шеберлік қажет. Өйткені, жолы тақтайдай тегіс емес. Қиялай жүріп, жылдамдықпен жарысуға тура келеді. Мұндай орын Қызылордада мүлде жоқ. Десе де Мараттың ыңғайы көбінесе сол сайысқа келетін.
Оның бала кезінде көптеген қиындық болды. Тасжолдың өзі ойқы-шойқы еді. Онда жарысу түгілі жаттығу жасау қиынның қиыны. Спортқа құмар жастар ешқандай қиындыққа қараған жоқ. Келешектен үлкен үміт күтті. Алғашқыда велошабандоз тасжол үстінде тартысқа түсуге құмартатын. Одан талай мәрте жеңімпаз болды. Ел біріншілігінде алдыңғы орындардан көрінді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін Қазақстанда трекке арналған ғимарат мүлде жоқ-тын. Мәскеу Олимпиадасынан кейін оған маңыз беріле бастады. Алматыда сондай әсем орын бой көтерді. Оның өзі ағаштан жасалған, шатыр салынбаған. Салдарынан қар мен жаңбырда трек жолының үсті тайғанақ болып жататын. 1982 жылы Алматыға келгенде Марат тұңғыш рет трек алаңын көрді. Ол уақытта жасы 20-ға келген еді. Тректе велосипедпен жүру оңай емес. Мұнда тежегіш деген атымен жоқ. Сақтық қажет. Кейбір жігіттер сол қиындыққа шыдай алмады. Алдына жоғары мақсат қойған жас жігіт ешқандай қиындыққа қараған жоқ. Алғашқы жарысының өзінде екінші орын алды. Бұл өзіне деген сенімін күшейте түсті.
Шамасы 1984 жылы қазақстандық спортшылар Мәскеудегі тректе дайындалды. Жарысқа қатысты. Қызылордалық велошабандоз төртінші орын алды. Сол сәтте білікті бапкерлер оны сырттай бақылаған екен. Арада бір жыл өткенде Марат Сатыбалдиев Латвияның Клайпеда қаласында өткен КСРО біріншілігінде топтық тартыста мәре сызығын бірінші болып қиды. Мамандар литвалық велошабандоз екеуіне зор қошемет білдірді.
Сол жылы қарашада халықаралық жарысқа жіберді. Бұл – Мараттың шетелге тұңғыш шығуы. Франция астанасы Парижде сайысқа түсті. Жеңіске жетпесе де, тәжірибе молайтып қайтты. Өзіне деген сенім жеңіске жетеледі.
– Сол  сапарым  маған ақжол болды деп ойлаймын. Әрине, Әлем біріншілігіне екінің бірі қатыса бермейді. Оған жолдама алу үшін тынбай тер төгуге тура келеді. Өзіңді өзің өрге сүйрейсің. Сол уақытта Ресейде Марат Ганеев деген велошабандоз болды. Ол – Куйбышев (қазіргі Самара) қаласының тумасы. Екеумізде сырттай бәсеке жүрді. 1985-1989 жылдар аралығында кезек-кезек одақтың чемпионы атандық. Мен үш, ол екі мәрте. Осылайша өзара тартысқа түстік. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасына М.Ганеев барды. Келер жылы КСРО біріншілігінде мен тағы да чемпион болдым. Бапкерлер Әлем чемпионатына мені алып барды. Қасымда Вадим Кравченко деген велошабандоз бар. Ол да – алматылық. Әлем біріншілігі Францияның Лион қаласы маңындағы Шамбери қалашығында өткізілді. Ондағы трек ескі болатын. Шамамен 30-жылдары салынған. Алпысқа жуық сайыскер жарыс жолына шықтық. Екі топқа бөліндік. Әр топтан 12 үздік жарысты жалғастырды. В.Кравченко екеуміз екі топта сайысқа түстік. Менің жолым болды. Алтыннан алқа тағып қайттым, – деді Марат Сатыбалдиев.
Елдегілер Әлем чемпионын қуанышпен қарсы алды. Одақтың спорт комитеті 1500 доллар берді. Оны Вадим екеуі бөліп алды. Қызылордадағы жерлестері де төбесіне көтерді. Жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты. Арзан бағаға «Волга» көлігі, Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер берілді.
Әлем чемпионы 1991 жылдан спорттық мансабын тоқтатты. Қазіргі уақытта Алматы қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Оған қоса сол қалада Велоспорт федерациясының вице-президенті қызметін атқарады.
Ол спорттық мансабында КСРО біріншілігінде мэдисон жарысынан 1988, 1989, топтық жарыстан 1985, 1986, 1989 жылдарда 5 мәрте чемпион атағын жеңіп алды. Сондай-ақ, АҚШ, ФРГ, Марокко, Австрия, Италия, Нидерланды, Франция, Испания, Грекия, Оңтүстік-Корей халықаралық жарыстарының жеңімпазы болды. КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері атанды, халықаралық санаттағы спорт шебері. Хоббиі – спорт, бильярд. Спорттық әдебиетті сүйіп оқиды.
Жер шарында миллиардтан астам велосипед бар екен. Бұл жайлы, экологиялық таза және салауатты көліксіз бүгінгі күнді елестету қиын. Сонымен қатар, болашақ велосипедке тиесілі. Көптеген мемлекет жолдардағы велосипедшілер санын көбейтуге, сол арқылы автомобильдер санын, олар арқылы шығатын атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға тырысып жатыр. Велосипед экологиялық шығынсыз және көшедегі шу деңгейін де арттырмайды.Тұрақты велосипедпен жүрудің денсаулыққа пайдасы айқын: ұйқы мен зат алмасу жақсарады, демек, ас қорыту, төзімділік пен бұлшықет тонусы артады, жүйке жүйесі нығаяды, стресс деңгейі төмендейді. Бұл тұрақты тасымалдау түрін пайдалану жүрек ауруы, инсульт, артрит, депрессия және қант диабеті қаупін азайтуға көмектеседі. Осылайша, қазіргі әлемде велосипедтің маңыздылығы артып жатыр.
Велосипедпен жүру стрессті, депрессияны немесе алаңдаушылықты жеңілдетеді. Велосипедпен жүру кезінде жолға назар аудару зейінді шоғырландыру мен қазіргі сәттен хабардар болуға көмектеседі. Велосипедпен жүру эндорфиндерді шығарады, бұл өз кезегінде стресс деңгейін төмендету арқылы өзіңізді жақсы сезінуге көмектеседі. Велосипед – көп функциялы көлік түрі. Велосипедтер Лондонның, Таллиннің және басқа да көптеген қаланың «жедел жәрдемінде» қолданылады.
Асқақ арман ешқашан алдамайды. Қызылорда топырағынан түлеп ұшып, төрткіл дүние көз тіккен бәсекелерде топ жарған тастүлек сол бір жолда тынбай тер төкті. Бапкерлері Мараттың өте еңбекқор болғанын айтады. Сан алуан жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінгеннен кейін де жаттығу жұмыстарын үзе қойған жоқ. Оны күні бойы жаттығу залынан немесе велосипед жанынан көргендер бар. Бұл алдына таудай мақсат қойған адамның жақсы қасиетін көрсетеді. Өкініштісі, қазір жас спортшыларда осындай жанкештілік жетіспей жатады.
Қазіргі күні қазақстандық велошабандоздар көптеген әлемдік жарыстарда сынға түсуде. Дегенмен ұтылып жүрген жеріміз аз емес. Олар Марат секілді сайыпқыранның өнегелі жолына тағы бір мәрте үңілуі қажет секілді.
                        
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: