Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«Мен бәріне үлгердім». Марина Вольнованы жеңіске апарған жол

Жақында боксшы Марина Вольнова бес жылдық үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралатынын естідім. Маринаның соңғы рет Азия ойындарында жүлде алып, жанкүйер назарына жиі ілікпейтінін байқағанмын. Бұл хабар мені шынымен қуантты. Вольнова ел Спартакиадасында үштікке енген соң, Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысып қалар деген үмітім де болған. Бірақ 75 келіге ауысқан Маринаның салмағындағы жолдама жас әрі талантты Надежда Рябецке бұйырыпты. Осы орайда, Olympic.kz әйелдер боксынан Олимпиадада жүлде алған алғашқы қазақстандық боксшы Марина Вольновамен тілдесіп, Тұманды Альбиондағы тәтті естеліктерді жазып алған болатын. 



Оралу...

Бес жылдық үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралдым. Инчхондағы Азия ойындарында үштікке енген соң, өміріме өзгеріс жасағым келді. Өйткені, үлкен спортқа келген 2007 жылдан бері тынымсыз жаттығу, толассыз жарыстар тізбегі жалғаса берген еді. Бұл тілегім толығымен орындалды десем, артық емес. Осы аралықта мен тұрмыс құрып, келін атанып, екі ұлға ана болдым. Демек, спорттағы толағай табыстарым жеке өмірімдегі жетістіктерге де жол ашты.
Лондонға апарар жол

Боксқа алғаш рет 2007 жылы қадам бастым. Туған ауылым Қазалыда бастаған едім жаттығуды. Кейін ірі республикалық жарыстарда көзге түсіп, ұлттық құрамаға қабылдандым. 2010 жылы Бриджтаунда өткен әлем чемпионатының күмісін еншіледім. Бұл менің спорттағы ең үлкен жетістіктерімнің бірі. Осыдан соң мені жанкүйерлер тани бастады. Азия ойындары мен Азия чемпионатында жүлдегер атанғаным да бар. Ал Лондон Олимпиадасы қарсаңында ұлттық құрамадағы қарсыласым Дариға Шәкімовамен нағыз теке-тірес басталды.
Бапкерлер лицензиялық әлем біріншілігіне кімді апарарын білмей, бас қатырды. Ақыр соңында екеуміз шешуші жекпе-жек өткізетін болдық. Сол кездесуде мен Дариғадан басым түсіп, әлем чемпионатына аттандым. Өкінішке қарай, сол әлемдік сында жүлдеге іліге алмадым. Бірақ ширек финалға өткендер автоматты түрде Лондон Олимпиадасына жолдама алатын еді. Тұманды Альбионға апаратын жол мен үшін сәл ауырлау болды. Олимиадада жүлде алу былай тұрсын, оған барудың өзі оңай емес. 

«Өлсем де жеңемін»...

Лондон Олимиадасындағы әр сәтті ұмыту мүмкін емес. Бәрі көз алдымда. Барлығы күні кеше өткен сияқты. Олимпиадағы алғашқы кездесуде кениялық спортшыны жеңдім. Екінші айналымда шаршы алаң қожайыны, әйелдер боксынан Ұлыбританияның мақтанышы Саванна Маршалл күтіп тұр еді. Ол сол жылы әлем чемпионы атанған әккі спортшы. Кәсіби бокста әбден шыңдалған.
Оның үстіне, Олимпиада басқа емес, Саваннаның елінде өтіп жатыр. Бұл жекпе-жек маған психологиялық тұрғыдан ауыр соқты. Зал толы жанкүйердің саған қарсы екенін ұғыну да оңай емес. Бірақ үзіліс кезінде бапкерлерге: «Өлсем де осы қызды жеңемін» дедім. Кездесу аяқталғаннан кейін төрешілер шешім шығаратын санаулы секунд мен үшін тұтас ғұмырдай көрінді. Ойыма сан түрлі нәрселер келіп, қазылар қарсыласыма бүйрек бұрмаса екен деп тілей бердім. Ал төреші менің қолымды көтерген сәтте... Ол сезімді жеткізу мүмкін емес. Көзіме жас келе берді. 
Жартылай финалда америкалық Кларесса Шилдстан ұтылғанымды барлығы көрді. Жас та болса бас болған, өте мықты спортшы. Бірақ сол жеңіліс үшін өкінген емеспін. Осалдан емес, Олимпиаданың болашақ екі дүркін жеңімпазынан жеңілдім. Сол Кларесса 2016 жылғы Рио Олимпиадасында біздің Дариға Шәкімованы жартылай финалда ұтып, чемпиондық атағын қорғап қалды. Мықтының мықтылығын мойындау керек. 

Спорттан дер кезінде кеттім

Олимпиададан келген соң бізге шексіз сый-құрмет көрсетті. Ризамын. Туып-өскен Қазалымның ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналдым. Еліміздің астанасынан пәтер беріп, бүгінде сол үйде тұрып жатырмыз. Лондоннан келген соң жұлдыз болдық десем, артық емес (күлді). Менің Олимпиада жүлдесінен де бағалы дүнием бар. Бұл – отбасым. Өзі қазақ тілінде еркін сөйлеймін, қазақша тәрбиелендім. Сол себепті, қазақ жігітімен шаңырақ көтердім.
Тұрмысқа шығуымның да өзіндік тарихы бар. Біз жолдасым екеуміз бір факультетте, бір мамандықта білім алыппыз. Бірақ екеуміз де сырттай оқығандықтан, бір-бірімізді мүлде көрмегенбіз. Тек дипломдық жұмысты қорғауға барғанда таныстық. Алғашында ол менің боксшы екенімді, Олимпиададан жүлде алғанымды және қазақшаға судай екенімді білген жоқ. Қарапайым қыз бен жігіт секілді кездесіп жүрдік. Кейін қазақша таза сөйлейтінімді білгенде таң қалды. Қазіргі таңда біз барлық салт-дәстүрлерді ұстанамыз. Жанұямызда ұлтқа, дінге қатысты алауыздық болған емес. Тіпті, өзімді басқа ұлт өкілінің әйелі ретінде елестете алмаймын. Теміржан мен Даниал есімді екі ұлымыз өсіп келеді. Барлығы да қамырдан жасалған тамақтарды сүйіп жейді (күлді). Бешбармақ, манты, тұшпара – біздің үйде жиі жасалатын тағамдар.
Үлкен ұлым Теміржан өз қалауымен спорттық гимнастикаға барғысы келеді. Өйткені, қан бәрібір жібермейді екен. Өздігінен түрлі элементтерді, шпагатқа отыруды, айналуды үйреніп алған. Осы орайда, командалас қыздарға да тұрмысқа шығу керектігін жиі айтып тұрамын. Біз бірінші кезекте әйелміз. Біздің ең ұлы миссиямыз – ана атану. Сондықтан, спортта көп жүре бермей, отбасылы болуды да ойлау керек. Мен спорттан дер кезінде кеттім. Бәріне де үлгердім. 

Ақырыс Сейтқазы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: