Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" маусымды тең ойынмен бастады

2015 жылы Қазақстанда алғаш болып ел чемпионатын Қызылорда қаласы ашты. Өзге ойындардан бес минутқа ерте басталған «Қайсар» - «Жетісу» кездесуі аса тартысты өткеніне қарамастан жанкүйерлер алғашщқы кездесуде қақпаға соғылған голды тамашалай алмады. Қорытынды есеп – 0:0.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:0
Бас төреші: Бағдат Абдуллаев (Қаратау)

 

Маусымды Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ашып берді. Көпшілік алдында сөз алған аймақ басшысы «Қайсарға» сәттілік тілеп, команда үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. «Доп домалақ, алаң тегіс», - деген Қырымбек Елеуұлы биыл Дмитрий Огай бастаған жерлестерімізге үлкен үміт артатынын жасырмады. Ал содан кейін әдеттегідей, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалып, бас төреші Бағдат Абдуллаев ойынды бастауға рұқсат берді.
Өткен маусыммен салыстырғанда екі команданың да құрамы шамамен 60 пайызға жаңарған. Бірқатар білікті ойыншылармен толығып, біраз футболшыларымен қоштасқан. Бірақ, бірінші матчтан байқадық, «Қайсар» да, қаржыдан қағажу көрді деп әңгіме шыққанына қарамастан Талдықорғанның «Жетісу» командасы да жаңа маусымға тыңғылықты дайындалып келіпті. Әсіресе, қорғаныс шептері мықты екен. «Қайсардың» қауіпті шабуылдарының барлығын дер кезінде тоқтатып, алаң иелеріне гол соғатын мүмкіндіктер бермеді. Әйтсе де, Серікжан Мужиков пен Владислав Нехтийда бірінші таймда, Юрай Пирошка мен Римо Хунтта екінші таймда гол соғатын керемет мүмкіндіктер болған. Бірақ алғашқы екеуінің соққылары маңдайшадан сәл ғана биік кетсе, Жасұлан Молдақараевтың әдемі пасынан кейін Юрай Пирошканың соққысы қақпа бағанасынан кері серпілді. Ал Римо Хунт Андрей Пасеченкомен жеке-дара шығып, қақпашыдан айласын асыра алмады. Осылайша «Қайсардың» қарқынды шабуылдарымен өткен ойын тең нәтижемен аяқталып, екі команда еншілеріне бір-бір ұпайдан жазды.
Әлбетте, ең бастысы қазір футболшылардың түсіністігі. Ойын бар, ең бастысы, жігіттер бір-біріне бейімделіп алса, онда жеңістердің де ауылы алыс емес.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: