Үстіміздегі жылы "Қайсар" жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шығарлық деңгейде ойын көрсетті. Осыған орай жанкүйерлер "Қайсардың" өз алаңындағы Қарағандының "Шахтерімен" өткізген ойында өздерінің алғыстарын жеткізудің тың жолын қарастырды.
«Дала қасқырлары» стадион трибунасына жарты секторды қамтитындай баннер іліпті. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен бас бапкер Дмитрий Огайдың бейнесі бар.Оған «Рахмет, шын жүректен» деген жазу жазылған. Одан бөлек, матч болардан бір күн бұрын дәл осы фан-қозғалыс қаладағы «Жібек жолы» сауда орталығында флешмоб ұйымдастырып, билеп шықты. Дәл осы қойылымды ойын алдында да стадионда көпшілікке паш етті. Ал «Жастар» фан-клубы ойын кезінде стадиондағы бүкіл көрерменнің қолтаңбаларын үрмелі шарларға жинап шығып, екінші таймда бәрі бір мезетте ұшырды. Міне, жанкүйерлердің командаға деген алғыстары осындай болды.