ДӘУРЕНБЕК ТӘЖІМБЕТОВ «ОРДАБАСЫМЕН» КЕЛІСІМ-ШАРТЫН ҰЗАРТУЫ МҮМКІН
Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының шабуылшысы Дәуренбек Тәжімбетов командамен келісім-шартын ұзартуы мүмкін. Бұл туралы футболшының өзі Kazfootball.kz порталының тілшісіне айтып берді.
Негізі 30-жастағы шабулшының «Ордабасымен» келісім-шарты 2015 жылдың соңында аяқталған болатын. Бірақ, Дәуренбек Тәжімбетов бүгінде жаңа клубтардың ұсынысын қарастырып жатқан жоқ екен. Өйткені, ол алдағы уақытта шымкенттік клубпен оқу-жаттығу жұмыстарына барып, келісім-шартын ұзартуға ниетті екен.
«Менің негізі «Ордабасы» клубымен келісім-шартым аяқталды. Бірақ, қазірше жаңа клубтардың ұсыныстарын қарастырып жатқан жоқпын. Себебі, Бақтияр Даниярұлы мені «Ордабасының» оқу-жаттығу жұмыстарына шақырды. Түркияда бақылаудан өтемін. Егер, сол жиындар кезінде бапкердің көңілінен шықпасам, басқа екінші жиындарға басқа клубпен баратын боламын»,- дейді шабуылшы.