Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Жанкүйердің" жүгенсіздігі интернетте талқыға түсті

"Жанкүйердің" жүгенсіздігі интернетте талқыға түстіЖақында интернетке ақтөбелік жанкүйерлердің атынан салынған видео біраз шу туғызды. Бұл видеода ақтөбеліктер қызылордалық "Қайсар” футбол клубының ойыншысына балағат сөздер айтқан. 
Видео 11 сәуір күні түсірілген. Бұл күні Қазақстан премьер лигасының VI тур аясында өткен кездесуде "Ақтөбе” ФК өз алаңында қызылордалық "Қайсар” ФК қабылдаған болатын. Кездесу №8 ОБЖСМ алаңында өтті. 
"Қайсарлық” Сергей Кейлер алаң жиегінде жаттығу жасап жатқанда белгісіз біреулер оның сыртынан балағат сөз айтып, бейнекамераға түсірген. Сол-ақ екен интернет қолданушылары: "Бұл видео Қазақстан футбол федерациясының қолына тисе, ақтөбелік клубқа айыппұл салынуы мүмкін”,-деп шу ете қалды. 
Осыған орай "Керек.info” тілшісі "Ақтөбе” ФК баспасөз хатшысы Асхат Қалжановқа хабарласқан болатын. Ол жанкүйерлерді сабырға шақырып, бұл жағдайдың клубқа ешқандай әсер етпегендігін айтты. 
Видеоға анықтап қарайтын болсақ, алаң сыртынан, кішкентай саңылаудан түсірілгендігін байқауға болады. Видеодан стадионның көрермендер отырған бөлігі анық көрінеді. Ал №8 ОБЖСМ алаңында көрермендерге тек бір қанаттан ғана трибуна салынған. Яғни, видеоны түсірушінің жанкүйерлер санатынан еместігі айдан анық. Сол күнгі ойынға Қызылорда қаласынан арнайы келген "Қайсардың” жанкүйері Бахтияр Жаппасов та "ақтөбелік жанкүйерлердің түк жазығы жоқ” деп отыр. 
-Ақтөбелік жанкүйерлерді жүгенсіз деп айта алмаймын. Бұл жерде "бір құмалақ, бір қарын майды шірітедінің” кебі сияқты. Қызылордадан барған бізді жергілікті жанкүйерлер қолдап, "Осыншама жол жүріп келіпсіңдер. Жарайсыңдар!” деп қолпаштап жатты. Арасында ала көздік танытқандар да болды, әрине. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ, біздің ойыншыны балағаттағандарды жанкүйер деп айта алмаймын. Меніңше олар сол ойынға билет таппай, ызаланып жүрген біреулер болса керек. Шын жанкүйер командаға стадионда отырып, қолдау көрсетеді. Бұл мектеп жасындағы жасөспірімдердің ісі деп ойлаймын,-деді 22 жылдық тәжірибесі бар қызылордалық жанкүйер.
Аты шулы видеоны Уoutube видеохостингіне Михаил Козачков есімді қолданушы жүктеген. "Керек.info” тілшісі әлеуметтік желілерден мұндай есіммен тіркелген ақтөбелікті таппады. Бұл бүркеншік есім болуы да мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, ақтөбелік клуб өз жанкүйерлерінің әдепсіздігі үшін бірнеше рет айыппұл төлеген болатын. Соңғы рет мұндай жағдай 2014 жылы наурыз айында тіркелген. Сол жылы 9 наурызда өткен Суперкубок ойынында ақтөбелік жанкүйерлер алау жағып, стадионды түтіндеткені үшін клуб 200 мың теңге айыппұл төлеген болатын.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: