Қармақшылық ақсақал Гиннестің рекордтар кітабына енді
Қармақшылық Жарбосын Құндақбаевтың есімін жерлестері әркез мақтанышпен еске алып, оның әр ісін құптап отырады. Өйтпегенде ше?! Өзінің саналы ғұмырын спорттың сиқырлы әлеміне арнаған Жарбосынның өмірі, спорттағы табысы көпке үлгі-өнеге болғандай. Оның омырауында дене шынықтыру спортын дамытуда сіңірген еңбегі үшін "Құрмет белгісі” ордені мен "Халық ағарту ісінің үздігі”, "КСРО спорт шебері”, "Ғасыр спорт тарланы”, "Спорт ардагері” белгілері жарқырайды.
Көп жандарға бұйыра бермейтін осынау спорт атақтарын иеленген Жарбосын қарт кісілер арасында өткізілетін жарыстарға елеңдеп отырады. Реті келсе жол жүруден шаршамайды. Өткен жылдың тамыз айында Белоруссияның Витебск қаласында гір көтеруден өткен дүниежүзілік ІІ олимпиадаға барып қайтты. Ол арада тек олимпиада ғана емес, Ресей мен Белоруссия мемлекеттерінің ұйымдастыруымен Ломоносов пен Ушаков атындағы халықаралық турнир, Витебск облысы губернаторының кубогы үшін сайыс өтті. Осы сапарында Жарбосын аға Құндақбаев барлығы 7 медаль олжалап қайтты. Оның бесеуі олимпиаданың алтыны болатын. Осы жолы 75-90 жас аралығындағы қарттар арасында салмағы 10 келі тартатын гір тасын 2 минут ішінде 70-80 рет серпи көтеру бәсекесі тігілген болатын-ды. Жарбосын ағаның алдына ешкім түсе алмады.
– Жарысқа қатысқан спортшылардың алдымен 70-79 жас, сосын 75-90 жас аралығындағыларын топтап шығарды,– дейді Жарбосын Әбсатұлы. – Маған осы жолы Ресей мен Беларусь қалаларында қарт спортшылар арасында гір көтеруден өткен әлемдік додаларда бірнеше рет әлем чемпионы атанғаным үшін Гиннестің рекордтар кітабына енуге сертификат табыс етілді.