Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Абылайхан ЖҰБАНАЗАР: Мен шығатын биік алда

2000 жылдың 15 ақпанында Қазалы қаласында дүние есігін ашқан ол ең алғаш қазақ күресіне 2013 жылы аяқ басты. Оның бозкілемдегі батырлығын байқаған бапкері Мұхтар Күзентаев «болашақта әлем танитын чемпион боласың» деп жігерлендіріп отыратын болған. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер самбодан Азия чемпионы, дзюдодан Қазақстан жастары арасында екі дүркін жеңімпаз атанған. Ол аз десеңіз, «Жас барыс» турнирінде бес мәрте бірінші орынды иемденген. Бүгінде дзюдодан ересектер арасында Қазақстан құрамасында жаттығып жүр. Әңгіменің ауаны жуырда ғана Грузияның астанасы Тбилисиде дзюдодан өткен «Grand Slam» турнирінің күміс жүлдесін иемденген жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар жайында болмақ. Аудан, облыс қана емес, ел намысын әлемдік аренада жықпай жүрген спортшымен еркін әңгіме өрбітудің сәті түсті.


– Абылайхан, ең әуелі кешегі Грузияның бозкілеміндегі тартыс туралы тарқатсақ...
– Бұл жарыс көптен ойымда жүрген жоспарларымның бірі еді. Өйткені бұған дейін «Grand Slam» және Гран-при жарыстарында жүлде алып көрмегенмін. Бір жағынан жүлделі орыннан көрініп, алдағы болатын Олимпиадаға менің де барып, топ жарғым келетініне жан-жағымдағыларды сендіру болатын. Барлығы ойдағыдай болды.
Әлемдік доданың екінші күні 81 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт кездесу өткіздім. Жарысты екінші айналымнан бастап, іріктеу кезеңінде Канада және Польша спортшыларын тізе бүктіріп, артта қалдырдым. Сосын ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуден басым түстім. Ал жартылай финалда татами иесі, грузиялық Дмитрий Гочилидзеден вазари әдісімен ұтылып жатып, таза жеңіске жетіп кеттім.
Ақтық сында аустриялық Уашид Борчашвилимен алтын жүлдені сарапқа салдық. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұл жолы маған алтын емес, күміс медаль бұйырған екен. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Алда әлі мен шығатын шыңдар бар.
– Ең алғаш жарысқа қатысқан кезің есіңде ме?
– Иә, ең бірінші облыстық жарысқа барған болатынмын. Ол кезде спорт мектебінде 40-қа жуық бала дайындалатынбыз. Жалағашта өтетін жарысқа ағайымыз балаларды іріктеп алды. Сол қатарда мен де болдым. Қазақша күреске келгеніме бір жарым ай уақыт болса да, маған сенім білдірген ұстазымның үмітін ақтап, бірінші орын иегері атанамын деп барғанмын. Бірақ сәті түспеді. Үшінші орынды қанжығама байладым. Міне, сол кезден бастап қазақша күреске деген қызығушылығым артып, қазір өзімді әлемдік аренада дәлелдеуге асығып жүрмін.
– Қазақша күресті қойып кеткің келетін жағдайлар жиі бола ма?
– Әрине кейде психологиялық тұрғыдан шаршайтын кездер кездеседі. Мұндай жағдай тек менің ғана емес басқа да спортшылардың басынан өткен болар. Сондайда бірі – спорт саласын таңдаған болса, екіншісі, шыдамдылығы жетпей жарты жолдан барлығын тастайды. Өйткені, ондай палуандарды көзіміз көрді. Талай рет аты шығып, енді көтеріліп келе жатқан жастардың арасында отбасы мәселесі немесе өзге де шаруалар шығып, соның салдарынан спортты тастап кеткен жайлар болды. Нендей кедергі орын алса да, алдыңа қойған мақсатың айқын болуы керек. Мойымай, еңбектеніп, бастаған істі соңына дейін жеткізген жөн.
– Кез келген спортшының өзіне үлгі тұтатын даңқты тұлғасы болады? Сен үшін...
– Шыны керек қазақша күреске келуіме ешқандай жан себепші болған емес. Алғашында қазақ спортшыларын өзіме үлгі тұтпайтынмын. Тек өзімді іштей «барлығы енді ғана басталды. Мені жеңісті күндер алда күтіп тұр» деп шыңдайтынмын. Бертін келе 60 келі салмақта тараздық Елдос Сметов ағамыздың әлемді бағындырғанын көріп, сол кісіге еліктей бастадым. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демей ме, Елдос бауырымыз көгілдір экраннан қандастарымызға сәлем жолдап, көк туды көкке желбіретіп, әнұранды әлемдік аренада шырқатып жатқанда, болашақта сол орыннан өзімді көргендей болдым. Бүгінгі күні сол үшін аянбай тер төгіп келемін.
– Спорт жолындағы ең қуанышты сәтің?
– Аллаға сансыз шүкір бүгінге дейін біршама жетістіктерге жетіп жүрмін. Барлығы дерлік қуанышты сәттерге толы. Бірақ соның ішінде ең қуанышты күнім деп Моңғолия елінде өткен байрақты бәсекеде жастар арасында 74 келі салмақта Азия чемпионы болғанымды айту керек шығар. Қазақстан жерінде көптеген жарыстарда жүлделі болсам да, өзге елде қазақтың көк туын көтеріп, әнұранын шырқатқанға жетпейді. Кеудеңді өзгеше сезім кернейді екен. Міне, сол уақытта іште толқу болып, кеудемді қуаныш кернеп, ел атын шығарып жатқаныма қатты қуандым.
– Шет мемлекеттердегі жарыстарға жиі шығып тұрасың ба?
– Қазақстандық жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанғанымда өзге елде белдесуге мүмкіндік берілген болатын. Содан бері шет елдің біршама жерінде болып көрдім. Мысалы Моңғолия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Түркия, Грекияда өткен халықаралық додаларда бақ сынадым. Өзге елде жарыс күні белгілі болып, дайындық жасап жүріп, бос уақыт табуға тырысамын. Өйткені сол елдің салтын зерттеп, танымал орындарын аралап, халқымен тіл табысып көргім келіп тұрады. Көшеде еркін киіммен жүргенде аса бір мән бере қоймайды. Ал Қазақстанның туы бар спорттық киіммен шықсақ, жылы қабылдап, құрметтеп жатады. Өзге ел азаматтары бетімізді қайтарып, қабақ шытқан емес.
– Төрешілердің әділетсіздігіне ұшыраған кезің болды ма?
– Жоқ. Бұрындары алдыңғы буын ағалар төрешілердің адал емесін айтып, қамығып отыратын. Қазірдің өзінде басқа елде белдесіп жатқанда өз қандастарына жақтасып отырады. Дегенмен шын мықтыға тұсау жоқ. Бергісі келмей тұрған жеңісті соңғы секундтарда жұлып алған кездеріміз де болды. Өз басым ондай әділетсіздікті бастан өткізіп көрмеппін.
– Мотивацияны қайдан аласың?
– Анамнан. Әрбір жарыс жолына шыққанда анам қоңырау шалып ақ батасын береді. Өзінің маған үлкен үміт артатынын айтып, алдыға қарай өрлеуіме дем береді. Өзі ауылда тұрса да, маған әрқашан қолдау білдіріп отырады.
– Он жылдан кейінгі Абылайхан қандай болуы керек?
– Барлығы бір Алланың қолында. Алайда өзімнің алға қойған мақсаттарым орындалып, Әлем, Олимпиада чемпионы болуды армандаймын.
– Сұхбат үшін рақмет. Өзің армандаған байрақты бәсекелерде бағың жансын!


Абзал Жолтерек
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: