Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Сыр өнерпаздарының Швейцариядағы шығармашылық сапары

Сыр елінің мәдениет және өнер өкілдері елордадағы халықаралық әуежайы арқылы алдымен Стамбул қаласына, ары қарай Швейцарияның Женева қаласына әуе жолы арқылы аман-есен жетті.


Альпі тауының баурайында орналасқан Швейцария мемлекеті ғасырлар көшіндегі тарихы мен мәдениеті, сәулеті және өмір сүру ерекшеліктерімен танымал. Қызылордалық өнерпаздар әлемдегі ең таза әрі қауіпсіз, табиғаты ерекше елге шығармашылық сапарға барып қайтты.
Айта кетейік, 23-24 қазан күндері Сыр елінің өнер делегациясы Швейцарияның Женева және Берн қалаларында Республика күніне арналған концерттік бағдарламасын ұсынды. Бұл сапар қос мемлекеттік мәдени-рухани байланыс аясын кеңейтіп, қазақ өнерінің Еуропа төрінде шарықтауына мүмкіндік сыйламақ.
Қазанның 23-24 күндері Республика күніне және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына 100 жыл толуына орай, облыс әкімінің қолдауымен Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті.
Концертке Швейцариядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Женева және Берн қалаларындағы қазақ диаспорасы, білім алушы студенттер мен жергілікті тұрғындар қатысты. 
 Мереке аясында облыста ауқымды мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылғаны белгілі, енді оның легі шетелде де жалғасуда.
Бұл концерттің мақсаты  – қазақ мәдениетін, ұлттық өнерді, Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін әлемге таныту. Оған ұлттық музыканың жауһарларын төрткүл дүниеге паш еткен халық аспаптар, «Томирис» би ансамбльдері, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері М.Ниязов, «Құрмет» орденінің иегері Ү.Медеуова, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қ.Мейрамбек, Мәдениет саласының үздіктері А.Шағдатов, М.Мақұлбеков, дәстүрлі орындаушылар Ә.Қуаңбаев, Т.Өтенова, айтыскер-ақын Б.Орынбасар, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары М.Аманжолов, А.Шадаев, А.Махамбетжан, А.Әбді, А.Төреғали және М.Жантөре, А.Шүкіров, Ж.Жұмабек, Ж.Қайыпберген, Н.Рүстемұлы, З.Нысанбаев, Т.Аяпова қатысып, өнер көрсетті. 
Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламамен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары, ұлттық нақышта жасалған сый-сияпат ұсынылды. Жұртшылық таным мен тағылымға толы кеш сыйлағаны үшін сырбойылық өнерпаздарға алғыс білдірді.
Айта кетейік, осы жылы Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Испания, Финляндия, Эстония мемлекеттерінде Сыр өнерпаздарының концерті өткен болатын.
Швейцария мемлекеті, Женева қаласының World Intellectual Property Organization конференция залында Қазақстан Республикасы күніне арналған Қызылорда облысы өнер майталмандарының концерт өтті. Концертке 300-ге жуық БҰҰ директорлары мен қызметкерлері, өзге ұлт өкілдері, басқа да өкілдіктер қызметкерлері және 80-ге жуық елшілер көрермен болды. Салтанатты шараны Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев және ҚР Елшісі Ерлан Алтынбайұлы ашты.
ҚР Мемлекеттік Гимні шырқалып, ұлттық фольклорымызды айшықтаған концертке көрермендер жоғары баға беріп, ерекше таңданыспен тарқасты. Концерттен соң қонақтарға ұлттық тағамдарымыздың түр-түрін қамтыған Швед үстелі үрдісімен ас мәзірі тарту етілді.
Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.
Республика күнін кең ауқымда атап өту және қазақ өнері мен мәдениетін әлем жұртшылығына таныстыруды мақсат еткен Сыр елі өнер майталмандарының мерекелік концерті Швейцарияның Берн қаласында қорытындыланды.
Мерекелік концертті Қазақстанның Швейцариядағы және Лихтенштейндегі Елшісі Қайрат Саржанов ашып, барша өнер шеберлеріне сәттілік тіледі. Ұлт мәдениеті мен өнерін, салты мен дәстүрін Еуропа төрінде кеңінен насихаттаған концертке Швейцария Сыртқы істер министрлігінің Еуразия директоратының басшысы Елші П.И. Фукс та арнайы қатысып, қазақ диаспорасын, барша шығармашылық топты ұлттық мерекемен құттықтады. Қонақтар арасында Берн кантонының басшысы және 200-ден аса Швейцария мемлекеттік органдары мен дипломатиялық корпус өкілдері, іскерлік топтар мен қазақ қауымдастығының мүшелері бар.
Берн төріндегі бірегей концерт қос мемлекеттің мәдени-рухани байланыс аясын кеңейтіп, қазақ өнерінің шарықтауына мол мүмкіндік сыйлады. Сыр елінің ән-жырын асқақтатқан барша шығармашылық топ көрермендер мен құрметті меймандардың ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді. Кеш соңында қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан және арнайы әзірленген ас мәзірінен дәм татты.
Сыр елінің мәдениет және өнер иелері Швейцариядағы бір аптаға жалғасқан гастрольдік сапарын сәтті аяқтап, туған жерге аман-есен абыроймен оралды. Сыр өнерінің майталмандарын руханият өкілдері мен туған туыстары сән-салтанатпен күтіп алып, қуанышпен қауышты.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: