Кітапхана – білімнің бастауы, тарихтың куәсі, руханияттың сарқылмас қайнар көзі. Ал, кітапханашылар – сол рухани әлемді реттеп, ұлт жадының шырағын сөндірмей келе жатқан жандар. 24 қазан – білімнің шамшырағына айналған осы бір маман иелерінің мерейлі мерекесі. Айтулы мерекеге орай бүгін Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада салтанатты жиын өтті.
![]()
Мерекелік жиынға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Жанұзақов, облыс кітапханашылары мен ардагер кітапханашылар қатысты. Іс-шара аясында аудан және қала кітапханаларының озық жобалары таныстырылып, кітапхана тарихына арналған көрме қойылды.
Сондай-ақ, шара соңында кітапхана саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік кітапхана қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталды.
– Кітапханашылар күні аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Өте қуаныштымын. Кейінгі кездері қоғамда кітапханаға деген оң көзқарас, жаңа бетбұрыс қатты байқалады. Бұған біздің кітапханашы әріптестеріміздің де жасап жатқан ерен еңбегі әсер еткен шығар деген ойдамын. Дәл қазіргі таңда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапаханасының қорында кітап қоры 435 796 дананы құрайды. Қазір цифрлық даму дәуірі болғандықтан, «Кітапхана қорларын цифрландыру» жобасы аясында қор сақталымын қамтамасыз ету мақсатында жыл жасынан бері 634 кітап цифрлы форматқа көшірілді. Қазіргі таңда барлығы 9 116 дана кітап цифрланды,- деді Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Гүлжахан Жүсіпова.
Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталық болып саналады.
Кітапхананың тарихы 1867 жылдан басталатын байырғы мәдени ошақтардың бірі. 1867 жылы Перовск қаласында (Қазіргі Қызылорда) Ақмешіт уезінің әскери бекінісінің халқы үшін кітапхана ашылды. Кітапхана Ресейдің орталық қалаларынан революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін патша үкіметімен осында жер аударылған алдыңғы қатарлы, озық прогрессивті ойлы адамдармен ұйымдастырылды.
1917 жылға дейін облыс аумағында небәрі 2 кітапхана болды (Қызылорда қаласы және Қазалыда).
1925 жылы 15 сәуір Бүкіл Қырғыз (Бүкіл Қазақстандық) Кеңестер съезі Қазақстан астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылдады. Сол кезден бастап (1925 ж.) 1938 жылға дейін бұрынғы қалалық уездік кітапхана көпшілік кітапхана деп аталды.
1938 жылы Қызылорда облысы құрылып, кітапхана облыстық кітапхана болып қайта құрылды. 1973 жылы кітапхана Ыбырай Жақаев көшесіндегі 930 шаршы метрлік мекен-жайға көшірілді. Оқырмандарға 70 орындық оқу залы ашылды.
1983 жылы М.Горький атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы болды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының білім және мәдениет мекемелеріне есімдер беру және қайта атау туралы» Қаулысына сәйкес Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Қазақстанның Халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтің есімі берілді.
Кітапхана 2009 жылы 400,0 мың дана кітап қорын сақтауға арналған типтік ғимаратқа көшірілді.
Кітапханада 7 бөлім, 8 сектор қызмет көрсетеді. Кітапхананың кітап қоры 430040 дананы құрайды. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді. Сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы болып табылады. Қорда 1003 дана сирек және құнды басылымдар бар. Кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап берілімі 514320 дананы құрайды.
Кітапхана пайдаланушыларына дәстүрлі кітапханалық қызмет және электрондық қызметтер көрсетіледі: электрондық каталогтардан ақпарат іздеу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электрондық жеткізу, кітаптар мерзімін онлайн ұзарту.
Облыстық кітапхана кітапхана процестерін автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «WEB-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істейді.
Кітапхана пайдаланушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, кітап тұсаукесерлері, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер, кітап көрмелері, библиографиялық шолулар және т. б. шаралар ұйымдастырылады.
Кітапханада Ә.Тәжібаев музейі бар. Музейде Сыр елін, туған жерін өмірінің соңына дейін жырлап өткен ақынның кітаптары, қолжазбалары, құжаттары сақталған. Жыл сайын Ә.Тәжібаевтің туған күнінде – 4 ақпан күні дәстүрлі Тәжібаев оқулары өткізіледі.
2015 жылы қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, драмматург Қалтай Мұхамеджанов залы ашылды. Мұнда жазушының 8,0 мыңға жуық кітаптары, құжаттары, фотосуреттері және жеке заттары бар.
Кітапханада жұмыссыз жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмыс жасайды.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық алаңын қалыптастыру мақсатында кітапханада коворкинг орталық жұмыс ашылған. Балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған АРТ-студиясы, сурет салу, «Ісмер», «Алақай» қуыршақ үйірмелері, «Еркетай» балалар алаңы, «Оқуға құштар мектеп» , «Әжемнің ертегілері», «Кітаппен бірге өсеміз», «Жазғы кітапхана», «Арулар әлемі», «Жанға жайлы жүздесулер» жобалары жұмыс жасайды.
Кітапханада «Рауан», «Кездесу», «BOOKLOVER» жас оқырман клубтары, «Көркемсөз», «English for kids» үйірмелері және «ВООК саfе» жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда кітапхана заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жасақталған, тұтынушылардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санаттарына қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орынға айналып отыр. Ғимараттың жалпы алаңы 8413,5 шаршы метрді құрайды. Кітапхана ғимараты негізгі 3 қабаттан, цокольді және техникалық қабаттардан тұрады. Цокольді қабатта кітап қорларын сақтау және қосалқы қызмет көрсету бөлмелері орналасқан.
Кітапханада төмендегі жобалар жүзеге тасып келеді.
«Құжаттық мұраларды цифрлау» жобасы
Жобаның мақсаты - өлке тарихы бойынша қорларды сақтау және пайдаланушыларды кітапхананың құнды өлкетану басылымдарымен қамтамасыз ету. Жазба мұраларын сақтау мақсатында қордағы құжаттарды сандық форматқа көшіру жұмыстары жалғастырылып келеді.
Қазіргі таңда сандық форматқа - 8482 кітап (1 720 569 бет), «Ленин жолы» (1942-1989), «Путь Ленина»(1941-1976) облыстық газеттерінің электронды нұсқалары, жалпы осы кезге дейін 166 топтама, бет саны (150 431 бет) цифрланды.
«50+ WEB» жобасы
«50+Web» жобасының мақсаты –елуден асқан аға буын өкілдерінің шығармашылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігін қолдау және қажетті ақпараттарды іздеуде білім мен дағдыны қалыптастыру.
Интернет жүйесі мен компьютерде жұмыс істеуге үйретуге көмектесу мақсатында ұйымдастырылған «50+WEB» жобасының қазіргі таңда 3-ші кезеңі өткізілді. Курсқа қатысушылар компьютерде жұмыс істеу, Интернетті пайдалану, желіден ақпарат іздеу, электронды поштаны пайдалану негіздерін үйрене алады.
«Әжемнің ертегілері» жобасы.
«Әжемнің ертегілері» жобасының мақсаты - мәдени мұраны сақтау және насихаттау, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, ертегілер арқылы балаларға адалдық, батылдық, мейірімділік сынды қасиеттерді сіңіру.
«Кітаппен бірге өсеміз» жобасы.
«Кітаппен бірге өсеміз» жобасының мақсаты - балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттау арқылы олардың рухани дамуына ықпал ету. Шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыта отырып өзіндік көзқарасын қалыптастыру.
«Жазғы кітапхана» жобасы.
«Жазғы кітапхана» жобасының мақсаты - жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуді қамтамасыз ету. Балаларға ашық аспан астында әдеби викториналар, шеберлік сабақтарын ұйымдастыра отырып жазғы уақытын тиімді өткізуге ықпал жасау.