Пламен Димов: "Жарақатымнан ақырындап жазылып келем"
«Қайсар» футбол клубының ойыншысы Пламен Димов Балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облыстық футбол федерациясы ұйымдастырған жағажай футболы турниріне қатысып, жүлдегерлерді марапаттады. Салтанатты шарадан соң «Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берді.
Жағажай футболы турнирі туралы.
«Финалдық ойындарды тамашаладым. Тамаша. Балалар мен қыздардың жағажай футболы алаңында асыр салып, мәз-мейрам болып ойнағандары маған керемет әсер етті. Қызылордада жағажай футболы аренасы бар деп ойламаппын. Бірінші рет көруім. Кешқұрым демалуға жақсы орын екен. Менің туып-өскен жерім Болгарияда да жағажай футболы әуесқой деңгейде жақсы дамыған. Әсіресе, Қара теңізінің жағалауында қиыршық құмда доп қуып жүрген жастарды көп көресіз».
«Қайсар» футбол клубы жайлы.
«Әзірге үздік алтылыққа кіру туралы үмітімізді сөндірген жоқпыз. Уақыт бар. Барлығы өз қолымызда. Әр ойында алаңға барымызды салып шығуымыз қажет. Ел чемпионатындағы екі апталық үзіліс бізге оң әсер етеді деп ойлаймын».
Өзі жөнінде.
«Жарақатымнан айығып қалдым. Клуб дәрігерлері әрдайым менің жағдайымды бақылауда ұстауда. Қазір ақырындап жалпы топта өзге футболшылармен бірге жаттығуды бастап жатырмын. Жазғы трансферлік терезе ашылысымен алаңға шығуға дайын боламын деп үміттенемін».