Қызылорда футболының түлегі Мақсат Байжанов "Қайсарға" қайта оралғысы жоқ. Мақсат қазір Қарағандының "Шахтер" командасында екені белгілі.
Мақсаттың "Қайсарға" оралуды қаламайтыны жайында қызылордалық клубтың спорттық директоры Руслан Балтиев твиттерде мәлім етті. Жергілікті жанкүйер Нұрлан Ахметов оған "Мақсатты неге командаға шақырмайсыздар" деп сауал тастаған. Бұл сауалға Руслан "Біз шақырдық, ол қарсылық білдірді" деп жауап қайырған.
Мақсат Байжанов Қызылорда футболының түлегі. Алғашқы қадамын 2002 жылы ""Қайсардың" құрамында бастаған. 2005 жылы Павлодардың "Ертіс" командасында ойнап қайтты. 2006-2008 жылдарда қайтадан "Қайсардың" сапында ойын көрсетті. 2009 жылдан бері Астананың "Локомотив", Ақтөбенің "Ақтөбе", Талдықорғанның "Жетісу" командаларының жейдесін киді. Соңғы төрт жылдан бері Қарағандының "Шахтер" командасының намысын қорғап келеді.
Сондай-ақ, Қызылорда футболының түлектері – Асхат Тағыберген "Ақтөбе", Дәуренбек Тәжімбетов "Ордабасы" клубтарында ойын көрсетеді. Олар "Қайсарға" қайта орала ма? Бұл жайында Р.Балтиев ешқандай ақпар бермеген.