Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Ауылдан шыққан Азия чемпионы

Бокс Қазақстан үшін ежелден бөтен болған емес. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңында Одақ біріншілігінде алғашқы чемпионын шығарған шақтан бері ұдайы ілгері дамумен келді. Дегенмен, оның барынша кемелдене түсуі еліміз егемендікке қол жеткізген кезбен тұспа-тұс келеді.


Міне, осы жылдарда Қазақстан құрамасы сапынан 6 Олимпия ойындарының, 10 әлем біріншілігінің чемпиондары шықты. Осыдан екі ай бұрын 7 бірдей саңлағымыз Азия чемпионатынан алдарына жан салмай қайтты. Мұның соңы кеше ғана Алматыда мәреге жеткен жаһандық жарыста Қазақстан құрамасының тарихта тұңғыш рет командалық бірінші орынды жеңіп алуымен аяқталды.
Қазақ халқы отбасы құндылығын жоғары бағалайды. Қашанда отбасында атаның, әкенің орны бөлек. Ал әрбір азамат шыр етіп жарық дүниеге келген перзентінен үлкен үміт күтеді. Перзентінің биіктен көрінгенін қалайды. Сол мақсатта баласына барлық қамқорлығын көрсетеді.
Қазақстандық жанкүйерлер боксшы Гүлсая Ержанды жақсы таниды. Қазалы топырағында дүниеге келген қайсар қыз қазірдің өзінде шаршы алаңда шеберлігін танытып жүр. Құрлықтық додада жеңімпаз атанды. Ал Сербияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль алды.
Қазалының Сарыбұлақ ауылында туған Гүлсаяны спортқа баулыған атасы.
– Ауылда жүргенде немеремнің спортқа бейім екенін байқадым. Қол күресінен қарсылас шақ келтірмейтін. Жанашыр інілерімнің бірі Гүлсаяны аудан орталығындағы спорт мектебіне беруге кеңес айтты. Сол мақсатта Әйтеке би кентіне көшіп келдік. Мектепте оқи жүріп бокс үйірмесіне қатысты. Алғашқыда оны күреске береміз бе деген ойда болған едім. Алайда немеремнің қалауы болды. Білікті бапкер Бақытбек Құлбаев шәкіртін шыңдады. Талай жарысқа алып барды. Гүлсая барлығында өзін жақсы қырынан таныта білді. Еліміздің білікті мамандары оның жігерін, еңбекқорлығын, жауапкершілігін жоғары бағалады. Ұлттық құрама сапына қабылдану екінің біріне бұйырмайды. Алдағы күнге үміт зор, – дейді атасы Ержан Исмаилов.
Қарапайым отбасында дүниеге келген боксшы қыздың әкесі – Ғалымжан жеке қожалық иесі. Жылқы шаруашылығымен айналысады. Анасы – Құралай бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасы шырайын кіргізіп отыр.
– Қашанда отбасында әкенің орны бөлек. Менің үш балам бар. Жастайынан оларға жақсы тәрбие беруге тырыстым. Еңбекке баулыдым. Әрбір перзентінің жақсы азамат болып өсуін қадағалау ер кісінің міндеті деп санаймын. Құдайға шүкір, балаларым ешқашан мені жерге қаратқан емес. Қазір немерелерге қарап, шаңырақ шуағына бөленіп жүрген жайымыз бар. Солардың бірі Гүлсая алға қойған мақсатына жету жолында үнемі ізденісте жүреді. Рас, бокс – қыз баласы үшін оңай емес. Алғашқыда оның жекпе-жегін қарауға шыдай алмайтын едік. Бірте-бірте бойымыз үйренді. Қазір ол тек біздің қызымыз ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Алда көптеген жарыстар бар. Олимпиада жақындап келеді. Әркез тілекшімін ғой, – дейді Ержан аға ағынан жарылып.
Қазір Гүлсая Көкшетау қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр. Негізгі мақсаттың бірі – Олимпиада жолдамасына қол жеткізу. Алдағы жылы Франция астанасы – Париж қаласында өтетін беделді бәсекеде еліміздің Әнұранын шырқатып, көк туын желбіретсем деген ойда.
– Қашанда елдің үмітін ақтауға тырысамын. Әрине, барлық уақытта ойлағаның жүзеге аса бермейді. Десе де, маған сенім артқан елімнің, жерлестерімнің және отбасымның қолдауы әрдайым қанаттандырады. Жақында ғана әкелер күнін атап өту белгіленгенін білдім. Бұл – өте жақсы бастама. Әкені қадірлеу, оның беделін отбасындағы, қоғамдағы жалпы ел болудағы орнын бағалай білу керек. Сондықтан мен үшін де атам мен әкемнің орны ерекше, – дейді Гүлсая.
Жалпы, Қазалы топырағынан әлемге танымал боксшы қыз шыққан еді. Жерлестері Марина Вольнованың есімін құрметпен атайды. Әйелдер арасындағы бокстан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы болған ол спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бүгінде Қазақстанның еңбегі сіңген спорт шебері атанған М.Вольнова 2010 жылы Азия чемпионы болды. Мұндай жеңістің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Әсіресе, бокс¬та өзіңді мойындату оңай емес. Өйткені, шаршы алаңға шыққан әрбір спортшы қарсыласын жеңемін деп шығады. Халықаралық додаларда тіпті қиын. Мұндай жарыстарға әр елдің бірінші нөмірлі боксшылары қатысатыны тағы бар. Былғары қолғаптың мамандары соққы алмасып жүріп, қарсыластарының осал тұсын іздейді. Бабы мен бағы қатар келгендер жеңіске жетеді.
Сыр елінің мақтанышына айналған Марина әлем чемпионатының күміс жүлдесіне де қол жеткізген. Бұл енді қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында келген жеңіс екенін айта кету керек.  Сондай-ақ, ол 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлады. Айта кетейік, осы жылы жазғы олимпиада ойындарының бағдарламасына әйелдер боксы алғаш рет енгізілген еді. Осылайша, Марина  жазғы олимпиада ойындарында әйелдер боксынан елімізге жүлде әкелген алғашқы спортшыға айналды.
Рим империясының бiздiң дәуірімізге дейiнгi I ғасырда құлағанынан кейiн бокстың қалай дамығаны жайлы деректер де сақталмаған. Мiне, осы деректердiң жоқтығынан да ағылшындар боксты өздерiне телiп жүр. Бокс (boxing) ресми аты да Англияда қалыптасқан. Джеймс Фигг алғаш бокс мектебiн ашып, жастарды былғары қолғап өнерiне баулиды. Бокстың алғашқы ережелерi де Фиггтiң отанында пайда болған екен. Бұл ережелерде рингтiң аумағы, раунд ұзақтығы және қолғап салмағы айтылады. 1908 жылы бокс ресми түрде олимпиада бағдарламасына енгiзiлiп, оған тек ағылшындықтар ғана қатысады. Бiрақ бұдан кейiн тағы да бағдарламадан тыс қалады да, 1920 жылдан берi қайта тұрақты түрде өткiзiлiп келедi. 1920 ж. Бокс әуесқойлары дүниежүзілік ассоциациясы (AІBA) құрылды. Дүниежүзілік чемпионат 1974 жылдан өткізіледі.
Бүгiнде әлем бойынша кәсiби боксқа аса көңiл бөлiнiп келедi. Кәсiби бокс алаңында Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джордж Формен, ағайынды Спайкстер, Флой Патерсонның есiмдерi ерекше аталады. Олимпиада тарихында боксшылары ең көп алқа тағынған ел — АҚШ. Бiрақ бүгiнде кубалық спортшылар алғы шепте келедi. 1992 жылғы Барселонада өткен олимпиадада кубалық боксшылар 12 алтын алқаның жетеуiн қанжығаға байлап кеткен. Ал 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 4 алтын, 3 күмiс медальды жеңiп алды. Олимпиада тарихында екi боксшы ғана 3 мәртеден жеңiмпаз атанған. Олар — венгриялық Л. Папп пен кубалық Т. Стивенсон.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: