"Сыр медиа" ЖШС жанындағы Қызылорда облыстық коммуникация орталығында «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтың қатысуымен брифинг өтті.
Кездесу барысында М.Әбенов «Серпін-2050» бағдарламасы еліміздің туу көрсеткіші жоғары, еңбек нарығында сұраныстан гөрі ұсыныстар басым бірқатар аймақтарынан жұмыс күші мен білікті кадрларға мұқтаждық байқалатын 8 өңірге жастарды апарып, оқытуға бағытталған жоба екенін түсіндірді.
- Сонымен қатар жастар арнайы жоба бойынша өздері оқып жатқан өңірлерде қалып, жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Осы ретте айта кету керек, кәсіптік-техникалық мамандықтарға деген оң көзқарасты да қалыптастыра бастағаны анық, - деді М.Әбенов. – Биылғы жылы арнаулы орта оқу орындарына 1200 орын және 19 Атырау мұнай институты (300 орын), Қарағандыдағы 4 ЖОО секілді белгілі оқу орындарына 5000 орын бөлініп отыр. Айта кету керек, 5000 орынның көп бөлігі техникалық мамандықтарға арналған, 500-педагогикалық, 300-ауылшаруашылық және 200-мал дәрігері мамандықтары.
Тағы да қосатыны, барлық арнаулы оқу орындары курортты аймақта орналасқан. Тек климаты ғана жағымды ғана емес, оқушыларға 13500 теңге шәкіртақысын және киімін береді, сондай-ақ жолақы да төленеді. Айта кету керек, барлық колледждер кәсіпорындарға жақын орналасқан. Онда 1 курс студенттер іс-тәжірибеден өте алады.
Бағдарлама өткен жылы мектепті тәмамдап жоғарғы оқу орнына түсе алмаған көпбалалы отбасынан шыққан ауыл жастарына да өз күшін тағы да сынап көруге мүмкіндік береді. Ол үшін тек орта мектепті аяқтаған аттестат болуы шарт.
Бүгінде жоба бойынша білім грантын иеленген жастар Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Алматы сынды жұмыс күші мол, халық тығыз қоныстанған өңірлерден келген жастар. Олар өздері оқып жатқан Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында қалып жұмыс істейтін болса, аталған өңірлердегі кадр тапшылығын жоюға да, индустриалды-инновациялық бағдарлама бойынша ашылған өндіріс орындарына білікті кадрларды тартуға да мүмкіндік бермек.
Сонан соң Семей көлік колледжі, Астана темір-жол және Жезқазған колледждерінің өкілдері өздерінің оқу орындарын таныстырды. Ал Мұрат Әбенов бағдарлама туралы толық мағлұматты serpin-2050.kz сайтынан таба алатынын ақпараттандырды. Барлық құжат тапсыру кезіндегі қолайсыз жағдай орын алса «В контакте» желісінде жеке парақшасына жазуды сұрады.