Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Тобыл" "Қайсарды" тағы да тобықтан басты

"Тобыл" "Қайсарды" тағы да тобықтан бастыҚызылорданың «Қайсар» командасы өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, тағы да жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды.
«Қайсар» - «Тобыл» 1:2
Голдар: Йосип Кнежевич, 21 – Огнен Красич, 12. Игорь Зенькович, 38.
Матч алдында «Қайсар» футбол клубы «Қазанғап атындағы музыкалық колледжбен бірлесіп, көрермендерге концерт өткізді. Ал ойынның басында командалар «нәсілшілдікке жол жоқ» шарасының аясында бірге суретке түсті.
Соңғы рет «қасқырлар» 29 мамыр Қарағандының «Шахтерін» жеңіпті. Содан бері төрт айға жуық уақыт өткен. Жерлестеріміз бүгінге он матч өткізіп үлгерді. Үшеуінде тең түссе, қалған жеті ойында жеңілістің кермек дәмін татқан. Ал «Тобылдан» биыл екі матчта да ұтылып қалғанбыз. Дегенмен бұл жолы жігіттер алаңға барынша дайындалып шыққан. Бірақ...
Қонақтарды бірден қыспаққа алған Федор Щербаченко шәкірттері ә дегеннен-ақ шабуылға лап қойып, қостанайлық қорғаушыларды әбден әбігерге салды. Оң қапталдан да, сол қапталдан да шабуылдарды үсті-үстіне үдетіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырумен болды. Дегенмен, Сергей Масленов бастаған қостанайлықтар да қарап қалған жоқ. Оқта-текте болса да өткір шабуылдап қойып жатты. Басында «Қайсардың» қорғаныс шебі сыр бермей, сауатты ойнаған. Алайда 10-минутта Огнен Красич тепкен соқыр доп Мақсат Сейдахмет қорғаған қақпаның алыс бұрышында тулап жатты. Айтпақшы, Мақсат демекші, жас қақпашы бүгін «Қайсар» сапында Премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Кирилл Прядкин жарақат алып қалып, бас бапкер Сейдахметке сенім артты. Матчты тамаша өткізгеніне қарамастан, өкінішке қарай, қақпасынан бірінші таймда-ақ екі доп алып шығуға мәжбүр болды. Екінші голды соққан Игорь Зенькович.
Оныншы минутта гол жіберіп алған «Қайсар» көп уақыт өтпестен таразы басын теңестіре алды. Әріптесінің пасын Йосип Кнежевич қақпаға дәл қадаған. Міне, сол кезде жерлестеріміз тағы да толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ, қонақтардың Зенькович соққан әлгі голы бүкіл жоспарды жоққа шығарды.
Бірінші таймды толық өз бақылауында өткізген алаң иелері кездесудің екінші бөлігінде де қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Сәт сайын қонақтардың зәре құтын алумен болды. Қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда жасындай жарқылдаған жігіттер жанкүйерлерге әдемі жеңіс сыйлағысы келді. Өкінішке қарай, жолымыз болмай, тағы да жеңіліп қалдық. Қорытынды есеп – 1:2.
Осылайша Қостанайдың «Тобылынан» жеңілген «қасқырлар» келесі кездесуінде 19 қыркүйек күні Қарағандыда жергілікті «Шахтермен» шеберлік байқасады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: