Қызылордада бір ай көлемінде футболды дамытудың Жол картасы жасалады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Қ.Көшербаев «Қайсар» футбол клубымен кездесуінде айтты.
Футболдан ел біріншілігінің алғашқы кезеңін қайсарлықтар сәтсіз өткізді. Қарсыластар қақпасына 12 доп соғып, өздері 25 гол жіберді. Осылайша турнир кестесінің соңғы сатысынан орын алды. Алғашқы алтылықтан көріне алмаған соң бас бапкерді қызметінен босатқаны белгілі. Енді Сыр аяқдопшыларын ресейлік маман Федор Щербаченко жаттықтыратын болады. Ол «Кубан», «Томь», «Москва», «Балтика», «Губкин», «Мордовия», «Ротор» сынды командалардың тізгінін ұстаған. Жаңа бапкер өзіне ұсыныс білдіріп, шақырту алғанына ризашылығын білдірді.
– «Қайсарға» келер кезде бұрынғы ойындарына қарап, сараптама жасадым. Биыл Премьер-лигадағы орынды сақтап қана қоймай, жоғары нәтиже көрсетуге болады. Оған мүмкіндік бар. Оның үстіне жергілікті билік үлкен қолдау білдіріп отыр, - деді Ф.Щербаченко.
Жиын барасында аймақ басшысы тиісті сала басшыларына бір ай көлемінде футболды дамытудың Жол картасын дайындауды тапсырды. Онда «Қайсардың» намысын қорғайтын балаларды еуропалық футбол академияларында тәлім алу мәселесін қарастыру қажеттігін айтты. Мамандар енді осы бағытта жұмыс жасайды. Негізінде өңірде футболды дамытуға байланысты 2020 жылға дейін жоспарланған арнайы бағдарлама бар. Онда стадион салу, инфрақұрылым мәселелерін шешу қаралған болса, Жол картасының артықшылығы балалар футболына мән берілмек.
– Біз «Қайсарға» барынша қолдау көрсетіп келеміз. Соған қарамастан соңғы орында тұр. Дегенмен, жанкүйерлер теріс айналмай қолдау көрсетуі тиіс. Өз кезектеріңде футболшылар да алаңда бар күш-жігерін аямау керек. «Қайсардың» символы қасқыр. Сондықтан ойынды сол мінезді көрсету қажет, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Кездесуден кейін «Қайсардың» бас бапкері Ф.Щербаченконың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Ресейлік маман алдағы жоспарларымен бөлісті. Қазір «Таразбен» өтетін алғашқы кездесуге дайындықтың қызу жүріп жатқанын айтты.